Израиль Палестина мемлекеттігін мойындаудан бас тартты
Жарияланған күні:
Читать на русскомИзраиль билігі Палестина мемлекетін біржақты танудан бас тартты – ел үкіметі мұндай қадамға қарсы ресми мәлімдеме жасады.
The Jerusalem Post басылымының ақпаратынша, Израиль үкіметі Батыс елдерінің Палестина мемлекеттілігін біржақты мойындау әрекетін ресми түрде қабылдамады.
"Израиль палестиналықтармен ақырғы мәртебе туралы келісімге қатысты халықаралық үстемдікті үзілді-кесілді жоққа шығарады. Келісім, қол жеткізілген жағдайда, тараптардың тікелей келіссөздері арқылы, алдын ала шарттарсыз жасалады", - делінген үкіметтің осы мәселе жөніндегі жексенбі күнгі отырысынан кейін жасалған мәлімдемеде.
Ел билігі Палестина мемлекетін біржақты тануға қарсылығын жалғастыра беретінін мәлімдеді. Олар 2023 жылғы қазан оқиғасынан кейін мұндай мойындауды "бұрын-соңды болмаған терроризм үшін үлкен сый болады және болашақта кез келген бейбіт келісімге жол бермейді" деп санайды.
Жақында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС тобының Газа секторындағы атысты тоқтату туралы шарттарын қабылдамай, Израиль бірнеше ай ішінде содырларды толық жеңуі мүмкін екенін айтты.
Алайда кеше БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газадағы атысты тоқтату резолюциясына сейсенбі күні дауыс беруі мүмкін екені мәлім болды. Бұл жөнінде Reuters дипломаттарға сілтеме жасап хабарлады. Қарарды ұсынған Алжир ұйымның 15 мүшесіне Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыста дереу атысты гуманитарлық тоқтатуды талап етуге шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2061634-izrail-palestina-memlekettigin-moiyndaudan-bas-tartty/