Кличко Залужныйдың отставкасын қателік деп атады
Жарияланған күні:
Читать на русскомКиев мэрі Виталий Кличко италиялық басылымға берген сұхбатында Валерий Залужныйдың Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы қызметінен алынуы қателік екенін айтты. Бұл жөнінде РБК басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сұхбатында Киев мэрі кейбір украиналық саясаткерлер "өз амбициясын мемлекет мүддесінен жоғары қоятынын" айтқан.
"Залужный жағдайындай ма?" — деп сұрады сұхбат алушы одан.
"Оны орнынан алып тастау үлкен қателік болды. Біз сауалнамада ең жоғары рейтингке ие болған Залужный сияқты көп қолдауға ие адамдардың төңірегіне бірігуіміз керек", - деді Кличко.
Басылым "Рейтинг" социологиялық тобының сауалнамасына сәйкес, 2023 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша украиналықтардың Залужныйға деген сенімі 82 пайыз, ал Украина президенті Владимир Зеленскийге 72 пайыз болғанын атап өткен.
Кличко Зеленский бас қолбасшының отставкаға кету себебін түсіндіруі керек екенін, бұл шешім "әр украинды таң қалдырғанын" айтты.
"Көптеген адам абдырап, еңсесі түсіп кетті", - деді мэр.
Зеленскийдің Кличконың өзін жұмыстан шығару жоспары туралы сұраққа Киев мэрі Украинада саяси күрес "барлық саяси күш пен барлық азаматтың бірлігі қажет болған кезде де, соғыс жағдайында да жалғасып жатыр" деп жауап берді.
Айта кетейік, қаңтардың аяғында Зеленский Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйды қызметінен босатады деген қауесет тараған еді. Дереккөздер Залужныйды президент кеңсесіндегі жиналысқа шақырып, ол отставкаға кететінін хабарлағанын жазды. Кездесуге Зеленский мен Залужныйдан басқа тек қорғаныс министрі Рүстем Умеров қатысқаны атап өтілді.
Алайда дәл сол күні Қорғаныс министрлігі Залужныйдың жұмыстан босатылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Мұны Зеленскийдің баспасөз хатшысы да растады.
2 ақпанда жұмыстан босатылғаны туралы қауесет тарап жатқан тұста Залужный жаңа стратегия туралы мақала жазды. Журналистер мен сарапшылар оның мақаласын ел басшылығына сын деп бағалады.
5 ақпанда Владимир Зеленский италиялық телеарнаға берген сұхбатында алғаш рет Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйды қызметінен босатуға ниетті екенін растады.
8 ақпанда Украина президенті Валерий Залужныймен кездесіп, әлеуметтік желіде бірлескен суретін жариялады.
Сол күні Владимир Зеленский Валерий Залужныйдың орнына генерал-полковник Александр Сырскийді Қарулы күштердің бас қолбасшысы етіп тағайындады.
Ал 9 ақпанда Зеленский Залужныйға Украина батыры атағын бергені мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2064497-klicko-zaluznyidyn-otstavkasyn-qatelik-dep-atady/