"Әлем аруы" атағы қай сұлуға бұйырды
Жарияланған күні:
Читать на русском24 жастағы чехиялық Кристина Пышкова "Әлем аруы" сұлулық байқауының жеңімпазы атанды. Бұл жөнінде байқаудың ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кристина Пышкова "Әлем аруы" атағының 71-иегері болды. Кеше, 9 наурызда Үндістанның Мумбай қаласында сұлулық байқауының финалы өтті.
РБК сайтының жазуынша, байқау өткен жылдың желтоқсан айында өтуі керек болған. Бірақ кейінге қалдырылғандықтан, Пышкова 2023 жылғы титулға ие болып отыр. Алдыңғы жарыста (2021 және 2022 жылғы) поляк қызы Каролина Белявска жеңімпаз атанған еді.
Басылымның чех БАҚ-тарына сілтеме жасап жазуынша, Кристина Пышкова Тршинец деген шағын қалада дүниеге келген, қазір Прагада тұрады. Ол Карлов университетінде және Австрияның Инсбург қаласында құқық және іскерлік басқару салалары бойынша білім алуда. Оқумен қатар модель болып жұмыс істейді.
Бұған қоса Пышкова ерікті ретінде Танзаниядағы аз қамтылған қауымдастықтардың балаларына арналған ағылшын тілі мектебін ашуға қатысып, сонда жұмыс істеген. Сайттағы дерек бойынша, Пышкова төрт тілді меңгерген: ағылшын, неміс, поляк, словак.
Лента.ру басылымының жазуынша, марапаттау рәсімі 9 наурызда өткенімен, қатысушылар Үндістанға 18 ақпанда келген. Финалға шықпас бұрын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сұлулар бірнеше сынақтан өткен.
Тәжді жаңа жеңімпазға "Әлем аруы" атағын 2022 жылы иеленген польшалық Каролина Белявска табыс етті. Жеңімпаздың тәжі гауһар тастармен безендірілген, құны шамамен 44 миллион теңгеге бағаланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2065650-alem-aruy-atagy-bul-zoly-kimge-buiyrdy-foto-video/