Палестина БҰҰ-да бірқатар құқыққа ие болды, бірақ толық мүше бола алмады
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін БҰҰ Бас ассамблеясы Палестинаның ұйымға мүшелігі туралы қарар қабылдады. Құжат Палестинаның құқығын кеңейтті, бірақ оған толық мүшелік бермеді, деп хабарлайды БҰҰ-ның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 10 мамырда БҰҰ Бас Ассамблеясы Таяу Шығыстағы жағдайға, атап айтқанда "Израиль басып алған Палестина аумақтарындағы заңсыз әрекеттерге" байланысты төтенше сессияға жиналды.
Жиын барысында делегаттар БАӘ ұсынған Палестинаның БҰҰ-ға мүшелігі туралы қарарды қабылдады.
"Құжат Палестина мемлекетінің Бас Ассамблеядағы құқықтарын кеңейтеді, бірақ оған Біріккен Ұлттар Ұйымының органдарына дауыс беру немесе кандидатурасын ұсыну құқығын бермейді", - делінген материалда.
Жарғыға сәйкес, Бас Ассамблея БҰҰ-ға толыққанды мүше мәртебесін бере алмайды – ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы қажет. Кеңес сәуірде өткен отырыста АҚШ-тың ветосына байланысты мұндай ұсыныс жасай алмады.
Бүгін қабылданған қарарда Бас Ассамблея Палестина мемлекетінің мүшелікке қойылатын талаптарға сай екенін атап өтіп, Қауіпсіздік кеңесіне "бұл мәселені оң шешім қабылданатындай қайта қарауды" ұсынып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2098607-palestina-buu-da-birqatar-quqyqqa-ie-boldy-biraq-tolyq-mushe-bola-almady/