Иранда президент қазасынан кейін бес күндік аза тұту күні жарияланды
Жарияланған күні:
Читать на русскомИран президенті Ибрагим Раисидің тікұшақ апатынан қаза табуына байланысты елде бес күндік қаралы күн жарияланды. Әуе апатынан Раисимен бірге басқа шенеуніктер де қаза тапты.
Иранның Жоғарғы лидері Әли Хаменеи президенттің қайтыс болуына байланысты елде бес күндік аза тұту күнін жариялады, деп жазады РИА Новости.
Еске салсақ, кеше, 19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ елдің солтүстік-батысында апатты жағдайда қонғаны хабарланып, бірнеше сағат өтсе де табылмай жатқанын жазған едік.
IRNA агенттігі Иранның вице-президенті Мохсен Мансуридің сөзіне сілтеме жасап, тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін Иран президенті Ибрахим Раисидің жанындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын хабарлаған.
Алайда Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами ирандық телеарнаға Раиси ұшқан тікұшақтың жолаушылары ұшақ қатты қонғаннан кейін байланысқа шыққаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.
Бүгін, 20 мамырда апатта жағдайда қонған тікұшақтың бөлшектері табылғаны мәлім болды. Кейін Иран президентінің тікұшақ апатынан қаза тапқаны хабарланды.
Ибрахим Раисидің қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.
Сонымен қатар Иран президентінің өкілеттігі Раисидің бірінші орынбасары, вице-президент Мохаммад Мохберге берілген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2103668-iranda-prezident-qaza-tapqan-song-bes-kundik-aza-tutu-kuni-zhariialandy/