Жапаров Бішкекте шетелдік студенттер қатысқан оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкекте шетелдік студенттермен болған оқиға туралы айтты. Қырғызстан мемлекеті басшысының ресми сайтында осыған қатысты үндеу жарияланды.
Қырғыз Республикасы президенті үндеуінде:
"Құрметті Қырғызстан халқы, өкінішке қарай, бәрімізді алаңдатып отырған жағымсыз оқиғаға тап болып отырмыз. Болып жатқан жайттың мәнін түсінбей, арандатуға бой алдырған топтардың әрекеті халқымыз бен мемлекетімізге соққы болды.
13 мамырда болған оқиғаға қатысты түрлі ақпараттар мен бейнематериалдар 18 мамырда ғаламторда тараған соң салдарын бәріміз көрдік. Иә, құқық қорғау органдары дер кезінде шара қолданып, өз әрекеттерін дер кезінде жұртшылыққа жария еткенде, бәлкім, бұлай болмас па еді", - деді ол.
Ел президенті Ішкі істер министрлігі 13 мамырда болған оқиғаға қатысты кінәлілерді ұстап, жедел іс-шаралар жүргізгенін айтты.
"Өкінішке қарай, жағдайды ушықтыруға мүдделі өзге күштер мұны пайдаланып үлгерді. Отансүйгіш жастарымыздың шетел азаматтарының заңсыз көші-қонына тосқауыл қойып, мұндай әрекеттерге жол бергендерге қатаң шара қолдану талабы дұрыс екені сөзсіз.
Мұндай талаптар бұрын да айтылған. Тиісті мекемелер бұл мәселелерді саралап, қажетті шараларды қолға ала бастағаны белгілі", - деді Жапаров.
Қырғызстан президенті оңай жолмен ақша іздеп жүрген санасыздарға, осы оқиғаны үлкен жанжалға ұластырғысы келген арандатушыларға өздерінің арам ойларын жүзеге асыруға жол бермейтінін жеткізді.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Бішкекте шетелдіктердің қатысуымен төбелес шыққан. Оқиға хостелдердің бірінің ауласында болған. Қырғыз БАҚ-ы таратқан хабарламада бірнеше жергілікті тұрғын соққыға жығылғаны айтылған.
Осы жайтқа байланысты қалада шетелдіктерге қарсы стихиялы наразылық басталды. Шетелдіктерден кек алмақ болған жүзден астам жігіт төбелес шыққан хостел маңындағы көшеге жиналды. Тәртіп сақшылары наразылққа шыққандарды таңға жуық таратқан.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігі тәртіпсіздік салдарынан 29 адам медициналық көмекке жүгінгенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2103734-zhaparov-bishkekte-sheteldik-studentter-qatysqan-oqigaga-bailanysty-malimdeme-zhasady/