Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Меккеге қажылыққа барған 14 адам қайтыс болып, тағы 17-сі жоғалып кетті

Жарияланған күні:

Мекке қаласында қасиетті Қағбаны айналып жүрген адамдар
Мекке қаласында қасиетті Қағбаны айналып жүрген адамдар. Көрнекі фото: pixabay.com

Меккеге қажылыққа барған 14 иорданиялық азамат аптап ыстыққа шыдай алмай көз жұмды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Иордания Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, Сауд Арабиясындағы қажылық кезінде 14 қажы қайтыс болып, 17 адам із-түссіз жоғалған.

Иордания Сыртқы істер министрлігі марқұмдардың денесін елге жеткізу мен жерлеу мәселесі бойынша Сауд Арабиясының билігімен байланыс орнатты.

Осы ретте елдің СІМ Операциялар және консулдық істер басқармасының директоры Суфьян әл-Куда өмірден өткен қажылардың отбасына көңіл айтты. Ол қайтыс болған және жоғалған азаматтар Иорданияның ресми қажылық делегациясына кірмегенін мәлімдеді.

Сондай-ақ Суфьян әл-Куда қажылыққа аттанған барлық иорданиялықты кез келген уақытта көмек сұрауға шақырды. Қазір Иордания мен Сауд Арабиясының билігі бірлесіп, 17 азаматты іздеуді жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін синоптиктер 17 маусым күні Меккеде Цельсий шкаласы бойынша ауа температурасы 47 градусқа дейін көтерілетінін хабарлаған болатын.

Ал өткен бейсенбіде Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі күннің қатты ысуына байланысты ескерту жариялаған еді. Ведомство қажыларға аптап ыстықта далаға шықпауға кеңес берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2119095-mekkege-qazhylyqqa-bargan-14-adam-qaitys-bolyp-17-adam-zhogalyp-ketti/