Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дональд Трампқа жасалған қастандықтан кейін биткоин қымбаттады

Жарияланған күні:

Криптоақша
Криптоақша. Көрнекі фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Трейдерлер қарашада өткен президенттік сайлауда Дональд Трамптың жеңіске жетуіне бәс тігулерін арттырғандықтан, осы аптада биткоин күрт көтерілді, деп хабарлайды Financial Times басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Биткоинның бағасы 10 пайыздан астамға өсіп, 63 595 долларға жетті, бұл – екі аптадағы ең жоғары деңгей. Дональд Трамптың Пенсильваниядағы сайлауалды жиынында қастандық жасалып, құлағына оқ тиген соң биткоин бағасы өсті. Белгісіз біреу республикашыл кандидатты әлеуетті сайлаушылардың көзінше атқан болатын.

Осыдан кейін сарапшылар оның сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі артқанын айта бастады. Трамп – криптовалюта индустриясын қолдайтын саясаткер. Мәселен, ол Мар-а-Лагодағы жеке резиденциясында сала жетекшілерін қабылдап, АҚШ-та биткоин майнингіне ынта білдірді.

Трамптың сайлауалды штабы төлемдерді криптовалютамен қабылдады, бұл –АҚШ-тың ірі саяси партиясы үшін бірінші жағдай болды. Бұл сала өкілдеріне Трамп жеңіске жетсе, оның үкіметі Байден командасына қарағанда крипто саласына қатаң шаралар ұстанбайды деген үміт ұялатты.

"Дональд Трамптың жеңіске жету ықтималдығы айтарлықтай артты", - деді Conotoxia валюталық фирмасының нарық талдаушысы Гжегож Дрождж. Ол сондай-ақ Трамптың президенттігі крипто индустриясына оң әсер ететінін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2134986-donald-trampqa-zhasalgan-qastandyqtan-keiin-bitkoin-qymbattady/