Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

Ресей мен Батыс тұтқын алмасуға дайындалып жатыр: мұндай шаралар әдетте қалай жүргізіледі

Жарияланған күні:

Читать на русском
Кісен
Кісен. Көрнекі фото: pexels.com

Bloomberg ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Ресей АҚШ-тың кем дегенде екі азаматын: журналист Эван Гершкович пен тыңшылық жасады деген айыппен түрмеде жазасын өтеп жатқан бұрынғы теңізші Пол Уиланды босатады деп хабарлайды. Тараптар басқа да тұтқындар айырбасталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай әрекет соңғы жылдары белгілі бір хаттама бойынша іске асады.

Әдетте мұндай алмасулар бейтарап немесе жақсы саяси қарым-қатынаста болған елдердің аумағында жүргізіледі.

Бұл алмасушы мемлекеттердің барлау қызметтерінің өкілдері оқиға орнына еркін келіп, процеске жеке қатысуы үшін қажет. Оқиға орнына келген барлау қызметкерлерінің ең маңызды міндеттерінің бірі – нақты бұған дейін келіскен адамдарды алып жатқанына көз жеткізу.

Кездесу әдетте анық көрінетін жерде өтеді.

Қырғи қабақ соғыс кезінде КСРО мен Батыс елдері арасындағы бірқатар маңызды алмасулар Берлин мен Потсдам арасындағы Глиенике көпірінде – соғысушы екі жақтың нақты шекарасы орнында өткен еді.

"Шпиондар көпірі" деген атқа ие болған бұл көпірде 24 жыл ішінде 38 адам алмастырылды: Кеңестік блок 10 агентін қабылдады, ал Батыс елдері әртүрлі дерек бойынша, 28 немесе 29 адамды қайтарған.

Соңғы 15 жылда тұтқын алмасу көбіне әуежайларда өткізілді. 2010 жылы Вена әуежайында Ресейдің он сыртқы барлау агенті Батыс сұраған төрт ресейлікке айырбасталды.

Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін Мәскеу ұшақтары Еуропаға тікелей ұшу мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан Америка Құрама Штаттары мен Ресей арасындағы соңғы алмасу Абу-Даби әуежайында (Біріккен Араб Әмірліктері) болған.

Қол жеткізілген келісімдерді бұзбау үшін, әдетте, айырбастың мән-жайы соңғы сәтке дейін құпия сақталады. Көбінесе келіссөздер өте қиын, соның ішінде тараптар оларды бейресми арналар арқылы жүргізеді. Келісімдер соңғы сәтінде дерлік орындалмай қалған жағдайлар болды.

Айырбастаудың соңғы қадамы – құжат әзірлеу, екі жақтағы тұтқындар соған сәйкес қамаудан босатылады. Содан кейін олар тұтқын алмасу орнына жеткізіледі.

Алмасу процедурасының өзі басталған кезде, алмасатын адамдар арнайы қызмет өкілдерінің сүйемелдеуімен бір мезгілде бір-біріне қарай жылжи бастайды. Жолдың жартысында – әдетте екі қонған ұшақ арасындағы қашықты сақтап, тараптар тоқтайды. Арнайы қызмет өкілдері өз ұшағына жақынырақ тұрып, алмасқан адамдарды қарсы алады. Бұл әдетте бірнеше секундты ғана алады. Содан кейін тараптар өз ұшақтарына оралып, елден ұшып кетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2143311-resei-men-batys-tutqyn-almasuga-daiyndalyp-zhatyr-mundai-sharalar-adette-qalai-zhurgiziledi/