"Өтірік айтады": Трамп Украинаны соғыста қаза тапқандардың санын жасырды деп айыптады
Жарияланған күні:
АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп Украина билігі Ресеймен қақтығыс салдарынан қаза тапқандардың нақты санын жасырып отырғанын айтты. Бұл туралы "Страна.ua" сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Трамп бұл жөнінде блогер Лекс Фридманның подкастында айтқан.
"Бұл соғыс болмауы керек еді. Алайда ол болды. Ал қазір келісу бұрынғыға қарағанда қиынырақ. Миллиондаған адам қаза болды. Алда бұл сан тек арта береді. Өлім саны адамдар ойлағаннан да көп болады.
Егер бүкіл Украина бойынша қираған ғимараттарға қарасақ, қайтыс болғандардың саны одан да көп болады. Олар қазір санды өтірік айтып отыр, азайтуға тырысып бағуда. Ұзындығы екі квартал ғимаратты қиратты – бұл өте үлкен ғимараттар. Олар бір адам жеңіл жарақат алды дейді. Жоқ, жоқ, көптеген адам ажал құшты. Ол ғимараттарда адамдар бар және олардың ондай мүмкіндігі жоқ. Ғимараттар қирай бастағанда, ешқандай мүмкіндік болмайды", - деді Трамп.
Дональд Трамп кезекті рет президент болып сайланған жағдайда, Украинадағы соғысты тоқтату туралы келісім жасасуға кепілдік берілетінін мәлімдеді.
"Украина мен Ресейді қалай тоқтатуға болатыны туралы нақты жоспарым бар. Менде белгілі бір идея бар, мүмкін жоспар емес шығар, десе де Қытай бойынша идеям бар... Алайда мен бұл жоспарларымды бөлісе алмаймын, егер жоспарымды айтып қойсам, оны пайдалана алмай қаламын, сәтсіз болады", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2156875-otirik-aitady-tramp-ukrainany-sogysta-qaza-tapqandardyng-sanyn-zhasyrdy-dep-aiyptady/