Дағыстандағы жанармай құю бекетіндегі жарылыс: қайтыс болғандар саны 13-ке жетті
Жарияланған күні:
Ресейлік құтқарушылар Дағыстандағы жанар-жағармай құю бекетінде болған жарылыстан зардап шеккендердің саны 13 адамға жеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бұған дейін 11 адам қайтыс болғаны хабарланған болса, соңғы сағаттарда үйінді астынан тағы 2 адамның мәйіті шығарылды.
Қазіргі уақытта жанармай құю бекетіндегі төтенше жағдай салдарынан 13 адам қаза тауып, 23 адам жарақат алған.
Айта кетейік, жұма, 27 қыркүйек күні Дағыстан астанасы Махачкалада жанармай құю бекетінде жарылыс болды.
Жанармай құю бекетінің ғимараты толығымен қирап, өрт жақын маңдағы асхананы да шарпыған. Жарылыс салдарынан екі жеңіл көлік пен жүк көлігі зақымдалды. Ресей Федерациясының Тергеу комитеті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Прокуратура да өз тексеруін ұйымдастырды.
Еске салсақ, бұған дейін Дағыстанда жанармай құю бекетіндегі жарылыс құрбандарын еске алу үшін 28 қыркүйекті қаралы күн деп жарияланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2167132-dagystandagy-zhanarmai-quiu-beketindegi-zharylys-qaitys-bolgandar-sany-13-ke-zhetti/