Боснияда тасқын мен селден 18 адам қаза тапты: қалалар мен ауылдарды су басты
Жарияланған күні:
Босния мен Герцеговинаның орталық бөлігінде кенеттен болған су тасқындары мен көшкіндердің салдарынан кем дегенде 18 адам қаза тапты. Кейбір қалалар мен ауылдар елдің басқа бөліктерінен ажырап қалды, көптеген үй су астында қалды.
Су елдің оңтүстігіндегі Герцеговина-Неретва кантонында тасыған, Ябланица су қоймасының маңындағы шағын қала елдің қалған бөлігінен толықтай ажырап қалды. Тағы бірнеше адам хабар-ошарсыз кеткен деп саналып, елде төтенше жағдай жарияланды.
"Ябланица маңында кем дегенде 14 адамның мәйіті табылды, – деп мәлімдеді кантон үкіметінің баспасөз хатшысы Дарко Юкан. – Кейбір жерлерде тек шатырлардың бөлігі ғана көрінеді. Мен мұндай ауқымдағы дағдарысты соғыстан бері (1992-1995 жылдар) көрмегенмін".
Даму министрі Воин Миятович бұл оқиғаны апат деп атап, тыныштық сақтауға шақырды. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, оннан астам адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. Жексенбіде Донья Ябланица ауылында тағы екі адамның денесі табылды. Нөсерлі жаңбыр ауылдың үстінде орналасқан карьерде көшкін тудырған болуы мүмкін. Аққан лай ағындары бірнеше үйді басып қалған, ал кейбір жерлерде су деңгейі ғимараттардың шатырына дейін жеткен. Төтенше қызметтер су астында қалған үйлерді қолмен тазартып жатыр.
Сербия, Хорватия және Солтүстік Македониядан құтқарушы топтар көмекке келген, сондай-ақ Еуроодақ елдері де қолдау көрсетып жатыр. Ябланица маңында Неретва өзені бойымен өтетін М-17 автожолы үйінділер мен балшықтан жабылып қалған. Жақын маңдағы Острожац пен Грабовица арасындағы 17 шақырымдық теміржол учаскесі де қатты зақымданған. Жергілікті билік өкілдері де жүргізушілерден Ябланица маңындағы жолдардан аулақ болуды сұрап жатыр екен.
Орталық Босниядағы Киселяк қаласында да өзен арнасынан асып, су тасыған. Көршілес Черногорияда су тасқыны жолдарға зиян келтірді. Хорватияның кейбір өзендерінде су деңгейі көтеріліп, үкімет Купа өзені маңындағы Карловац қаласының бөлігі де су астында қалуы мүмкін екенін хабарлады. Қыркүйек айында Орталық Еуропаның үлкен бөлігі қатты су тасқындарынан зардап шекті, ең үлкен залал Польша, Чехия және Румынияда болды.
World Weather Attribution ғалымдары төрт күндік жауын-шашын кезеңін осы аймақтағы бақылау тарихындағы ең ылғалды кезең деп есептеді. Олардың айтуынша, климаттың өзгеруіне байланысты су тасқындары күшейіп, қиратушы әсерге ие болып отыр. Еуропа басқа құрлықтарға қарағанда тезірек жылып жатыр. Copernicus климат қызметінің мәліметі бойынша, кейінгі бес жыл XIX ғасырдың екінші жартысынан 2,3 °C-қа жылырақ болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2170686-bosniiada-tasqyn-men-selder-18-adam-qaza-tapty-qalalar-men-auyldardy-su-basty/