"Жалған ақпарат": Кремль Путин мен Трамптың әңгімесі туралы ақпаратты жоққа шығарды
Жарияланған күні:
Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков Washington Post басылымының Трамп пен Путиннің жақында әңгімелескені туралы жариялаған ақпаратын жоққа шығарды. Бұл туралы "РИА Новости" хабарлады.
Басылым ақпаратынша, Кремльдің баспасөз хатшысы Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп әлі сөйлеспегенін мәлімдеген.
"Бұл кейде тіпті беделді басылымдарда да жарияланатын ақпарат сапасының ең айқын мысалы. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Бұл таза ойдан құрастырылған жаңалық. Бұл жай ғана жалған ақпарат", - деді Песков.
Ол сондай-ақ Путин мен Трамптың байланысуы туралы нақты жоспарлардың әлі жоқ екенін айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Washington Post басылымы ақпарат көздеріне сілтеме жасап АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылағанын хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2185803-zhalgan-aqparat-kreml-putin-men-tramptyng-anggimesi-turaly-aqparatty-zhoqqa-shygardy/