"Бюрократияға қауіп төніп тұр": Маск АҚШ үкіметіндегі жаңа қызметі туралы пікір білдірді
Жарияланған күні:
Кәсіпкер және миллиардер Илон Маск жаңадан құрылған Мемлекеттік тиімділік департаментіндегі қызметі жөнінде пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жазба Илон Масктың X әлеуметтік желісіндегі парақшасында пайда болды.
"Демократияға қауіп төніп тұр ма? Жоқ, бюрократияға қауіп төніп тұр!" - деп жазды кәсіпкер.
Сондай-ақ ол жаңа департамент жұмысының толық ашық болатынын мәлімдеді.
"Барынша ашық болуы үшін Мемлекеттік тиімділік департаментінің барлық әрекеті интернетте жарияланады. Кез келген уақытта жұртшылық бізді маңызды нәрсені қысқартып жатыр немесе ысырапшыл нәрсені қысқартпай жатыр деп ойлағанда, жай ғана бізге хабарлаңыз!" - деп жазды Маск.
Ол сондай-ақ "адамдардың салық төлемдерінің ең ақылсыз шығындарының кестесі" жасалатынын айтты.
"Бұл бір жағынан өте қайғылы және бір жағынан өте күлкілі болады", - дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Илон Масктың Трамп әкімшілігінде жаңа департаментті басқаратынын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2186621-biurokratiiaga-qauip-tonip-tur-mask-aqsh-ukimetindegi-zhanga-qyzmeti-turaly-pikir-bildirdi/