Қытай тарабы Тайваньға қару-жарақ жеткізгені үшін АҚШ-қа қатаң жауап берілетінін ескертті
Жарияланған күні:
Қытай үкіметі АҚШ-тың Тайваньға қару-жарақ сатуға рұқсат беруіне байланысты қатаң шаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен аптада АҚШ мемлекеттік департаменті Тайваньға 385 миллион доллар сомасына қару-жарақ жеткізуге рұқсат бергені белгілі болды.
Жеткізілетін қарулар қатарына F-16 жойғыштарына арналған қосалқы бөлшектер, радиолокациялық жүйелер мен модернизацияланған мобильді байланыс құралдары кіреді.
Бұған жауап ретінде Қытай Сыртқы істер министрлігі "өзінің егемендігін, қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын берік қорғау" үшін "қатаң шаралар" қолданатынын мәлімдеді.
Пекин Вашингтонды Қытай өзінің бүлікшіл провинциясы деп санайтын Тайваньға қару-жарақ жеткізуді дереу тоқтатуға шақырды.
Қытайдың наразылығына АҚШ-тың Тайвань президенті Уильям Лайды (Лай Циндэ) Гавайи штатында ресми түрде қабылдауы да әсер етті.
Бейжің бұл әрекеті үшін Америка Құрама Штаттарын "мүмкіндігінше қатаң түрде" айыптады және Вашингтонға "байыпты наразылық" білдірді, деп хабарлады Қытай Сыртқы істер министрлігі.
Ведомство Қытай "оқиға барысын мұқият қадағалап, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін шешуші шаралар қабылдайтынын" мәлімдеді.
Бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-дың шетелдегі елшіліктері басқа елдердің басшыларын Лай Циндэге құттықтау жіберуден аулақ болуға шақырғанын еске саламыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2194863-qytai-taraby-taivanga-qaru-zharaq-zhetkizgeni-ushin-aqsh-qa-qatang-zhauap-beriletinin-eskertti/