Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Михаил Горбачев 30 жылдан кейін өз қателігін түсінді

Опубликовано:

КСРО-ның бұрынғы әрі соңғы басшысы Михаил Горбачев 1980 жылдардың ортасында басталған алкоголизмге қарсы науқан қате жүргенін 30 жылдан кейін мойындап отыр.

Бұл туралы ол «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында мәлім етті.

«Сол жылдары алкоголизмге қарсы жүргізілген науқан үлкен қателікпен жүзеге асты. Яғни, дүкендерді жаппай жабу, әсіресе, Мәскеуде. Ұшы-қиыры жоқ кезектер. Самогон қайнатудың белең алуы. Салдарынан дүкен сөрелерінен қант жоғалып кетті», - дейді Горбачев.

Бұрынғы кеңес көшбасшысының пікірінше, алкоголизмге қарсы науқанды кезең-кезеңмен жүргізу керек еді.

«Науқан емес, алкоголизммен ұзақ мерзімді күрес жүргізу керек болатын. Қоғамды арақтан аластату бір күннің іс емес. Оған бірнеше жылдар қажет. Үшімдікпен үздіксіз әрі үнемі күресіп отыру қажет», - деп мәлім етті ол.

Бұрынғы КСРО басшысының айтуынша, алкоголизммен күрес мемлекеттік хатшы Леонид Брежневтің кезінде-ақ жоспарланған екен. Ол өте қажет шара болатын, себебі мемлекет сол жылдары ішімдіктен көз ашпай қалған. Десе де, ол науқанның пайдалы тұстары да болды дейді Горбачев.

«Өлім-жітім деңгейі төмендеп, бала туу көрсеткіші артты. Алкоголизмге қарсы науқан кезінде адам өлімі 1,6 миллионға азайған. Өндірістегі, жол үстіндегі төтенше жағдайлар саны да күрт төмендеді», - деп еске алды Михаил Сергеевич.

1985 жылы 7 мамырда КОКП ОК атышулы «Алкоголизмді еңсеру шаралары туралы» қаулы қабылдап, ішімдікпен жаппай күресу науқаны басталды.

Атап айтқанда, спирттік ішімдіктер тек жұмыс күндері сағат 14 пен 16 аралығында ғана сатыла бастады. Алайда одан арақ ішу деңгейі азаймай, есесіне сапасыз ішімдік ұсынған көлеңкелі бизнес өрши түсті. Оның салдары халықтың жаппай улануына әкеліп соқты.

Сондай-ақ науқан КСРО-ның бюджетіне үлкен салмақ салып, үкімет кірісінің ауқымды бөлігінен айырылып қалды. Нәтижесінде антиалкогольдік науқан халықтың наразылығын тудырып, экономикалық дағдарысқа ұшыратты.

Сөйтіп, 1987 жылы ішімдікпен күрес операциясы көздеген мақсатына жете алмай, орта жолда тоқтауға мәжбүр болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/757695-mikhail-gorbachev-30-zhyldan-keyin-oz-qatel/

pixel