Қалаулым: Шымкенттік жігіттен бас тартқан Жанерке жаңа ғашығын тапты (фото)
Жарияланған күні:
Еуразия арнасындағы атышулы "Қалаулым" бағдарламасы төңірегінде ел арасында айтылатын болжамдар мен сыни пікірлер көп. Бағдарламаның жұлдызды жұбы Еркебұлан Ахметбек пен Елшін Жанерке NUR.KZ порталына келіп, көрермендердің көкейінде жүрген түрлі сауалдарға жауап берді.
— «Қалаулым» ток-шоуына қатысты ел арасында түрлі негативті пікірлер айтылып та, жазылып та жатыр. Көпшілік сіздерді өз рөлдерін ойнап жүрген актерлар дейді. Шындарыңызды айтыңыздаршы, эфирдегінің бәрі шынайы ма?
Еркебұлан: Ешқандай қойылым емес, бәрі шынайы! Біз Жанеркемен «Қалаулымға» дейін 5 мамыр күні менің туған күнімде танысқан болатынбыз. Айтып жатады ғой «Бір көргеннен ұнатып қалдым» деп, сондай сезім болды. Себебі кейбір қыздармен танысқаннан кейін, ертесі ұмытып кетіп жатасың. Ал Жанеркені олай ұмытып кетпедік. (күліп) «Қалаулымды» негізі көрмейтінмін, бірақ Instagram парақшасындағы суреттерінің астына пікір жазып, әзілдеcіп, телефон арқылы араласып тұратынбыз.
Жанерке: Мәдимен қарым - қатынасымызға нүкте қойылған соң, Еркебұлан суретімнің астына: «Той қашан?» ,- деп жазған. Сосын мен: «Қашан болғанын қалайсың?»,- деп едім, ол: «Ешқашан!»,- деп жазды. Осыдан кейін парақшамдағы оқырмандарым Еркебұланға 5 минуттың ішінде түрлі пікірлер жазып: "Сіз келсеңізші" деп өтінген. Сонымен Еркебұлан жігіттік уәдесінде тұрып, Алматыға келді. Бұл бағдарламаға мемлекеттік қызметтегі адамдар келмейді, сондықтан бағдарламада шығармашылық адамдар немесе жеке кәсібі бар өз жартысын іздеп жүрген, тәуелсіз жандар. Кейбіреулер камераның алдына келіп, жүрек жартысын іздеп жүрмін деп айтуға ұялады. Мейлі актер болсын, актриса болсын жүрегінің жартысын тапқысы келеді емес пе?! Сенбейтін жан болса «Қалаулымға» қатысушы немесе үміткер болып келсе болады.
— Еркебұлан, ата –анаңыз сіздің «Қалаулымға келуіңізге қалай қарады?
Еркебұлан: Ата – анам әрдайым мен қандай шешім қабылдасам да қолдау білдіреді. Бірақ, үйде ұлдан жалғыз болғандықтан мені Алматыға бірден жіберген жоқ. Себебі үш рет өлім аузынан қалғанмын. Сондықтан мені алысқа жіберер кезде уайымдайды қатты. Олардан бір жеті бойы сұрандым, жібермеді. Сосын үйдегілерге ренжіп, көп сөйлеспей жүрдім. Жеке фермамыз болғандықтан, әкем алыста болатын. Бір күні ол кісі хабарласып: «Не істейтін болдың?»,- деп сұрады. Бармайтын болдым деп едім: «Бармадың ба, не істеп жатсың?!»,- деді. Содан қуанып кетіп, бірден билет алдым.
— Алматы қалай, ұнап жатыр ма? Жалпы, "Қалаулымға" келгеніңізге өкініп жүрген жоқсыз ба?
Еркебұлан: Иә, жалпы жаман емес. Бірақ туған жеріңе жетпейді ғой. Астананы сағынып кеттім. (күліп) Мен үшін ол қаланың орны бөлек. Барып алған соң біраз толқыныстармен, не үшін келдім деген ойлар болды. Бірақ «Шешінген судан тайынбас» деген ақыры келген соң, шығайын дедім. Алғашқы күні эфирге шығар алдында қатты қобалжығаным бар.
— Желідегі парақшаларыңызда "Жанерке Еркебұланға лайық емес!" деп санайтындар көп екенін байқадым. Бұл пікірге не дейсіздер?
Еркебұлан: «Қалаулымға» қатысқалы бері телефоныма тыным жоқ, түрлі қыздар хабарласып, менімен кездескісі келетіндерін айтады. «Жанеркеге сені қимаймын», «Жанерке кәрі көрінеді», «Жанерке кемпір, көп сөйлейді» деп жазады жекеге. Жанеркені бұлай қатты сөйлейді деп ойламаппын (күліп). Жанерке Астанада жүргенде мен көп сөйлеуші едім, Алматыға келгелі керісінше болып кетті. Ал өзім араласатын жігіттер, таныстарым: «Бастысы артық әңгіме айтпаса болды ғой. Қыздардың бәрі көп сөйлейді»,- дейді. Негізі мен елдің айтқанымен өмір сүрмеймін, адаммен араласқаннан кейін ғана ол туралы пікір қалыптастырамын. Сол себепті Жанеркеге қатысты айтылып, жазылып жатқан пікірлер маған мүлдем әсер етпеді. Себебі мен оның өмірде қарапайым, тәрбиелі екенін білемін.
Жанерке: Қазіргі қыздарда мүлдем ар – ұят жоқ. Жігіттің қызы болса да, әйелі болса да ештеңе кедергі болмай жатады. Еркебұланның қызы бар екенін біле тұра, хабарласып, түрлі хаттар жазып жататын қыздар болады. Маған қатысты, сыртқы мүсініме қатысты айтылған пікірлерген көп мән бермеуге тырысатынмын, бірақ ол пікірлерді анам оқитын болғандықтан қазір жаман нәрселер жазылмауын қадағалап отырамын. Жылағым келген сәттер де орын алып жатты. «Мені де, Еркебұланды да ажырасқан ғой, балалары бар» деген қауесет тарап кеткенде, біртүрлі болдық. Қазір хаттардың көбісі жақсы.
— «Қалаулымға» келгелі танымал болып кеттіңіз, түрлі фан топтарыңыз көп екен. Жалпы, осының бәрі қалай әсер етіп жатыр, жұлдыз ауруына ұшырап жатқан жоқсыз ба?
Еркебұлан: Мен келгенде 1000-ға жуық оқырманым бар еді, «Қалаулымға» қатысқан күннің ертесі тұрсам бір түннің ішінде 13 мың адам маған жазылған. Тіпті эфирге шығып, сырласу бөлмесіне барған кездің өзінде «Жанерке - Еркебұлан» деген фан парақшаларды достарым WhatsApp-қа жіберіп жатты. Ал қазір Instagram-да 44 мыңнан аса тіркелушім бар. Алғашқы күннен модельдік агенттіктер жазып, клипке түсуге ұсыныс жасағандар болды. Instagram-да кей жарнамаларды ақша қажет болған соң қабыл алып жаттым. Себебі ата – анамнан қаражат алмаймын және өзге қалада пәтер жалдап, уақытша жұмыссыз жүрген соң қажеттілік үшін өзім тексерген, дұрыс деген нәрселерге ғана жарнама жасаймын.
Клипке, жарнамаға түсуге жасалған ұсыныстардан қазір бас тартып жатырмын. Себебі қазірдің өзінде маған: «Сен Жанеркенің арқасында танымал болып кеттің», «Танымал болу үшін жүрсің» - деп жазып жатады. Сондықтан сондай сөздерден аулақ болу үшін, келісіміді бермеудемін. Әрине көшеде, клубтарға барсаң «Сен Еркебұлансың ба?»,- деп танып жататындар көп. Бірақ оған бола мен өзгеріп кеттім деп айтпас едім.
— "Қалаулымда" кей қатысушылар бір-бірінің жағаларынан алып жатады. Сізде біреуді ұрып жібергіңіз келген сәттер болды ма, көпшілік сізді тым салмақты, аз сөйлейді деп жатыр?
Еркебұлан: Эфирдің этикасы болу керек деп ойлаймын. Сондықтан мен өзімді-өзім ұстай аламын. Сен ашуыңа тиген адамды қазір ұрдың не, эфирден кейін ұрдың не бәрібір емес пе?! Одан ештеңе өзгеріп кетпейді, бар болғаны өзіңнің, ата–анаңның тәрбиесі қандай екенін көрсетесің. «Қалаулымның» атын жаман жағынан шығарасың, болды. Көп сөйлеткенді ұнатпаймын өзім. Салмақты болсам түрім суық болып кетеді. Жалпы өмірде көңілді жанмын. Жігітке көп сөйлеген аса жараспайды.
— Жанерке бұған дейін Мәдимен айырылысуларыңызға оның Шымкенттен болуы әсер етті. Қазір Солтүстіктің жігітімен жүріп жүрсіз, ата–аналарыңыздың сіздерге көзқарасы қандай?
Жанерке: Мәдимен біз жүрген жоқпыз. Тек қана танысып, араластық. Оның сөз салып, менімен жүруіне ата – әжесі қарсы болса, шымкенттік жігітке менің ата–анам қарсы болды. Екі жақ қарсы болған соң біз қарым -қатынасымызды тоқтаттық. Ал Еркебұланның келуі шынымен күтпеген жағдай болды, оның мен үшін бәленбай шақырымды артқа тастап, Алматыға келуін бағалаймын! Ата–анама оның салмақты мінезі мен ұстамдылығы ұнайды. Оңтүстік пен Солтүстіктің айырмашылығы әрине сезіледі. Мәди сөзге пысық, икемді. Оның оңтүстіктікі екені білінеді. Ал Еркебұланда бәрі керісінше, сабырлы, көп сөйлемейді, бір сөзді деген сияқты.
Еркебұлан: Мен келгелі «Қалаулымды» ата–анам қарайтын болған. Анам хабарласып: "Жанеркемен араларың дұрыс па?" деп сұрап тұрады. Әрине, олар да біздің бірге болғанымызды қалайды. Осы жерде бір атап өтетіні, маған Жанеркенің ешкімге еліктеп кетпейтіні ұнайды. Мысалы, біз төрт адам отырып, оның үшеуі орыс тілді болсақ Жанерке бәрібір қазақ тілінде сөйлеп отырады. Ол мақтан үшін келсін –келмесін орысша сөйлемейді.
— Қатысушылар арасында шынайы достық бар ма?
Жанерке: Жиырма алтысы бірге жүреді деп айта алмаймын. Жасы, ойы, сөйлесетін әңгімелеріне қарай төрт –бестен бөлініп алған. Ешкіммен жан құрбы емеспін, тек Ырысбаламен бұрыннан таныспын. Мұндай жерде нағыз достық бар деуге келмейтін сияқты.
Еркебұлан: Бәрімен сәлемім түзу!
— Көпшілік "Зың-зың" әнінің клипі шыққалы Жанеркені жерден алып, жерге салып жатты. Сіз ол бейнебаянды қалай қабылдадыңыз?
Еркебұлан: Өзі актриса болғаннан кейін, жәй ғана рөл, әзіл–клип деп қабылдадым. Ал Нұрлан Еспановпен болған «шетелдікке тұрмысқа шығу» туралы бағдарламаны Жанеркемен таныса салып, көрдім. Мен жоғарыда айтып кеткенімдей, адамның өзімен араласпай тұрып, көптің сөзіне ере бермеймін. Сондықтан маған оның ешқайсысы әсер етпейді.
Жанерке: «Зың-зың» клипінде аузыма чупа–чупс салып тұрғанымды көріп, бәрі мен жайлы теріс пікір ойлай бастады. Жалпы оны тек актриса ретіндегі рөлім деп қабылдау керек. Ол чупа - чупсті мен бір рет қана аузыма саламын, одан кейінгісі бумерангпен жасалған. Жалпы ол жеуге арналған тәтті кәмпит қой, тек клипте анайы көрініп қалған. Клипті YouTube-қа менің рұқсатымсыз салып жібергенімен, эфирден алғызып тастадым.
— Бір -бірлеріңізді жиі қызғанасыздар ма? Жанеркені Мәдиден қызғанатын сәттеріңіз болмай ма?
Еркебұлан: Жоқ, қызғанбаймын. Мен Жанеркеге сенемін!
Жанерке: Негізі қызғаншақ адам емеспін. Кейде ондай сәттер болады. Бірақ жөн – жосықсыз қызғана беруді дұрыс емес деп ойлаймын. Оның үстіне Еркебұлан салмақты болған соң, менде оған сенемін.
— Сіздердің көрермендеріңізді қызықтыратын сұрақты қойсам. Үйлену туралы жоспарларыңыз бар ма?
Еркебұлан: «Қалаулым» бітсін, бітпесін бәрі жақсы болып жатса, үйленеміз ғой. Қазір "Қашан үйленесіңдер?",- деп жиі сұрап жатады. «Асыққан шайтанның ісі» демекші, біз әлі бір –бірімізді біліп, тереңірек тану керекпіз. Маған үйлене салу қазір –ақ, бірақ ертең өмір бойы тұратын болған соң бұл салмақты қадамды ойланып жасау керекпіз деп білемін. Бәрі жақсы болса, болашақта үйленеміз. Алда не болатыны бір Аллаға ғана аян болған соң, кесіп айта алмаймыз. Бәлкім айырылысып кетуіміз де мүмкін, сондықтан әр нәрсеге дайын болу керекпіз!
Еске салсақ, бұған дейін Жанерке "Қалаулым" бағдарламасында Мәдимен жұп болған. Бірақ екі тараптың ата -анасының қарсы болуына байланысты, олар қарым - қатынастарын үзген еді.
Тағы оқыңыздар:
Желіні шулатқан моншадағы видео қаһарманы елден кешірім сұрады (видео)
Тағы бір бүркітші қазақ қызына шетелдік режиссерлер таңдай қақты (фото)
Терактіден кейін алты жыл бойы комада жатқан жасөспірім қыз көз жұмды (фото)
Жартылай жалаңаш мүсінін елге көрсеткен Кәмшат Жолдыбаева елдің ашуына тиді (фото)
Атамбаев: Біз көршілес екі ірі державаны қатты ренжітіп алдық
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1683738-zhanerke-men-erkebulan-atyshuly-qalaul/