RU

Жастардың 60 пайызы түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр

Бүгінде елімізде тіркеліп, қанатын кең жая бастаған дәстүрлі емес діндердің атынан да, санынан да адам шатасатындай халге жетті.

"Вайшнавтар", "Бахаи" сенімі, "Бірлестік шіркеуі", "Иегова куәгер­лері", "Соңғы өсиет шіркеуі", "Кришнаны тану қоғамы", "Саен­то­логия" шіркеуі, "Мормондар", "Сахаджа йога", "Жаңа аспан", "Жаңа өмір шіркеуі"... Тізе берсек, тым көп-ақ. Және олар елімізде тіркеліп алып, тыныш жатқан жоқ.

Арбауына кәріні де, жасты да іліндіріп, соң­да­рынан ілестіруде. Мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтің: "Еліміздегі жас­­тардың 60 пайызы түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр", – деп дабыл қағып, депутаттық сауал жолдауының өзі бүгінде діни ағым­дар­дың күн өткен сайын қауіпті болып бара жатқанының айғағы бол­са керек. Әділет департаментінің ресми де­рек­тері бойынша, "Иегова куәгерлері" ізба­сар­ларының саны 6000-нан, ал "Саенто­логия шіркеуі" ізбасарларының саны ша­ма­мен 5 000-нан асатын көрінеді.

Еліміз шын мәнінде әлемдегі дәстүрлі емес дін­дер­дің орталығына айналғандай. Басқаны қо­йып, исламның өз ішіндегілер де қырық тар­маққа бөлінуде.

Мұсылмандықты шо­лақ балақ, қаба сақал, кебінге оранып жүру деп ұғатындар "Ахмадие жамағаты", "Алля-Аят" (Фархатшылар) культтік-мис­ти­калық діни ағымы, "Ата жолы" ("Ақ жол"), тахриршілдер, таблиғшылар, са­ла­филер, такпиршілер, кораниттер болып сан­ға бөлінуде. Ал осынау негізгі мақсаты белгісіз діни ағымдардың әрқайсысының етегінде бір-бір қандасымыз кеткен күннің өзінде ұлт қауіпсіздігіне қаншалықты қауіп төнетінін бағамдай беріңіз. Негізінен, жұмыссыздар, өмірден өз орнын тап­па­ған­дар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе, жастар мис­сионерлердің үгіт-насихатына тез ілі­гетін көрінеді.

Еліміздің батыс өңірінде ис­лам дініндегі түрлі діни ағымдарды ұстан-ған жастардың да көбейіп бара жатқаны жа­­сырын емес. Ендеше мұның алдын алу­да қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Шыны керек, "зайырлы мемлекетпіз" деп, идеология тұрғысынан халқымызды тым еркін жіберіп алған секілдіміз.

Тіпті бүгінде мамандар көпұлттылықтан гөрі, көпдінділіктің зардабы ауыр екендігін жа­рыса айтып жүрсе де көпдінділіктің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шара­лар жоқтың қасы.

Деректерге сүйенсек, 90-жылдардың басында Қазақстанда 500-дей діни бірлестіктер мен ұйымдар бол­са, бүгінде олардың саны 4000-нан асып кетіпті. Бұған негізінен "он адам бірі­гіп, діни бірлестік құрып, тіркеле бер" дей­тін заңымыз ықпал етуде.

Ең қорқыныш­ты­сы, елі­мізде олардың ісін бақылауға алып отырған да ешқандай мекеменің жоқ­тығы. "Ағылшын тілін оқытамыз, пси­хологиялық көмек көрсетеміз" деп, алдап-сулап маңайларына адамдарды жинап алып, өз ағымдарын насихаттап жүрген діни бірлестіктер бүгінде өз қараларын күн өткен сайын көбейтуде.

Діни бірлестіктерді бей-берекет тіркеп, олардың іс-әрекетін бақылаусыз қоюымыздың арқасында бү­гінде олар мыңдаған қандастарымызды өз бауырларына тартып үлгерді.

Ағымға ерген азаматтардың сәбилерін тиісті меди­ци­налық тіркеуден өткізуден бас тартып, тіп­ті екпе егуден қашыртуы, басқа ағымға ер­ген жасөспірімдердің мектептегі оқула­рын тастап кетуі, мектеп жасындағы ұл-қыз­дардың музыка тыңдау – харам, мем­лекеттік Әнұранды тыңдамау, кеудеге қол қоймау, туға құрмет көрсетпеу, евангелші баптистердің "жер бетінде шекара болмауы керек" деп, Отан қорғаудан қашып, әскери борышты өтемеу дұрыс деген бағыттағы уағыздар жүргізуі түрлі діннің ағымында кеткендердің ұлттық әдет-ғұрып, салт-сананы естен шығаруы­ның айғағы болса керек. Айта кетерлік нәр­се, жат пиғылды ағым­дардың жетегінде кеткен жастардың, жал­пы адамдардың қоғамға қайта оралуы өте қиын. Тіпті кейде мүмкін де емес.

Өйт­ке­ні оларды Отан, отбасы, бірлік сынды қа­сиет­ті ұғымдар толғандырмайды. Сана­сы уланғандар тек көсемдері айтқанды екі айт­пай орындайтын сарбаздарға айнал­ғанын өздері де түсін­бейді. Бұған дәлел соң­ғы кездері радикал­ды ағым мүшеле­рін­ің бірнеше рет қылмыс­ты оқиғалардың ұйым­дастырушылары ре­тінде аталуы. Ал бұл қоғам үшін қорқы­ныш­ты емес пе?! Сон­дай-ақ түрлі діннің ағымында кеткен әке мен баланың бір дастарқаннан ас іш­пек түгіл, бірін-бірі жау көруі, өзінен туса да өзгедей күй кешіп, әке-шешесін тың­да­май балалары басқа діннің ағымында кеткен ата-аналардың зары әлі күнге тиісті орындардың құлағына жете алмай отыр.

Еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да "басқа діни бірлестіктер өз діндерін насихаттаса насихаттай берсін, ал біздің дінде зорлық жоқ" деп өздерін "салқынқанды" ұстауда. Сонда дәстүрлі емес діндердің іріткі ісіне тосқауылды кім қоюы керек?! Айтпақшы, "біздің дінде зор­лық жоқ" деп Мұсыл­ман­дар діни бас­қар­масы қол қусырып отыр­ғанда, еліміздегі про­вослав дінінің өкілдері құлшылық ете­тін сөздерін мемлекеттік тілге аударуға кірісе бастапты. Олар бұл әрекетін христиан дінін қабылдаған кей қазақтар үшін қажет деп түсіндіруде.

Тіпті жақын арада қазақ тіліндегі аудармалар жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. Ал сонда біздікі қандай жайбарақаттылық? Айта кетерлік жайт, сау қоғамда аза­мат­тардың санасының улануына сына­ма­лап кірген діни ағымдардан бөлек, басқа ел­дерден діни сауатын жетілдіріп келген аза­маттар да өз "үлесін" қосып отырған көрі­не­ді.

"Соңғы кездері Пә­кіс­тан, Египет сынды көптеген мемле­кет­терге барып діни сауат ашушылар көбейіп кет­ті

Бұл турасында Бас муфти Әбсат­тар қажы Дербісәлі: "Соңғы кездері Пә­кіс­тан, Египет сынды көптеген мемле­кет­терге барып діни сауат ашушылар көбейіп кет­ті. Бұл – жақсы үрдіс емес. Қазіргі уа­қытта түрлі ағымдар, ұйымдар бар. Діні­міз­ді солардың ықпалынан таза сақтау үшін ерекше білімді, елін сүйетін отандық дін мамандары қажет. Алайда біздегі көп­теген жастар шетелдерде әдетте өзге мас­хабпен білім алып келіп жатады. Мен өз басым шетелде діни сауат ашуға сақтықпен қараймын. Сондықтан біздің елімізге осындай білім ордалары аса қажет" – деген еді.

Ендеше шетел асып, діни сауатын ашқысы келетіндерге тосқауыл қоятын кез де жеткен секілді. Сондай-ақ бүгінгі қоғам­да көбейіп бара жатқан хиджаб киген қыз­дардың қай ағымда екенін айтып беретін дінді саралап зерттейтін институттар да жоқ. Ең бастысы, осынау дін сала­сын­дағы бей-берекетсіздіктердің бәріне ты­йым салар "Дін және наным-сенім бос­тандығы жайлы" заңды қатайту туралы көп­тен бері айтылып келе жатса да әлі күн­ге қолға алы­нар емес. Айта кетерлік жайт – жастарымыз саналы түрде өзге діннің ағы­мында кетіп жатқан жоқ, олар діни сауа­ты­ның төмендігі мен қоғам­дағы алдын алу жұ­мыстарының жет­кіліксіздігі салда­ры­нан ада­сып жүр.

Сон­дық­тан түрлі діни ағым­ның жетегіндегі жаста­рымызға араша тү­сер кез жеткен секілді. Жарылқап ӘЛМҰХАМЕТОВ, дінтанушы: – Бүгінгі таңда бізде түрлі діни секталар қап­тап кетті. Сондықтан діни бірлестіктердің ая­ғына тұсау салатын заңды қатайтуымыз керек. Және "дін­ді мемлекеттен бөлек" де­ген қате пікірді тоқтататын кез жетті. Өйткені ба­қы­лаусыз түрлі діни ағымдардың көбейіп кетуі мемлекет тұтастығына қауіп төнді­ру­де.

Менің негізгі депутаттық сауа­лым уах­х­абист жастардың көбеюінен туын­дап еді. Бүгінде көптеген мектеп оқушы­лары мен колледж, ЖОО-ның сту­денттері атал­мыш діннің етегінен ұстау­да

Асхат БЕКЕНОВ, Мәжіліс депутаты: – Менің негізгі депутаттық сауа­лым уах­х­абист жастардың көбеюінен туын­дап еді. Бүгінде көптеген мектеп оқушы­лары мен колледж, ЖОО-ның сту­денттері атал­мыш діннің етегінен ұстау­да. Уаххабизм – сырт­тан қар­жыландырылатын, ұлт қауіп­сіз­дігіне қа­уіп төндіретін ағым. Олар жас­тар­дың албырт шағын өз мақ­сатта­ры­на тиім­ді пай­даланып, соңдарынан ерту­де. Ас­тана, Ал­маты, Қарағанды секіл­ді ірі қа­ла­ларда бұл ұйымның ошақ­тары бар. Білім және ғылым ми­­нис­тр­лігі, құқық қорғау орын­дары бо­лып, осынау ағымның алдын алуға күш са­луы қажет. Өйткені олар діннің атын жа­мы­лып, жастардың сана-сезі­мін улау­да. Сон­дықтан мемлекет та­ра­п­ынан ар­найы бағ­дарлама құрып, жастардың өзге ­діннің шыр­мауында кетпесі үшін алдын алу жұ­мыстарын атқаруымыз керек. Әйт­пе­се бұ­дан ұлт қауіпсіздігіне үлкен қатер төнуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/169828-zhastardyn-60-pajyzy-tyrli-dini-agymdardyn-zheteginde-zhyr.html