Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

18 жасынан бастап мәжбүрлі түрде жезөкше атанған қазақ қызы елге жанайқайын айтты (фото)

Опубликовано:

Алматы облысының тумасы 18 жасында қалай жезөкшелікке түсіп кеткенін айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жансая. Ш. - ата-анасы жоқ жетім қыз. Мектепті тәмәмдап, Алматыдағы колледждердің біріне оқуға түскен соң қаржы тапшылығынан жейтін наны болмаған күндерін еске алды.

- Оқу басталғаннан кейін үш ай өткесін жейтін тамаққа ақша таппай, қиналдым. Амалдың жоғынан кафелерге барып даяшы болайын деп сұранып едім, екі-үш күн тегін жұмыс істетіп, «орысша жақсы білмейсің» деп шығарып жіберді. Сосын бір қыздардан массаж жасау арқылы жақсы табыс табуға болады деп естідім. Оның үстіне, жұмыс күндері сенбі-жексенбі екен.

Мен қуана келісіп, Қалқаман ықшамауданындағы саунаның біріне бардым. Сол жерде Адиля деген әкімші қыз: «Бір апта массаж жасауды үйретемін. Сосын осында келген клиенттерге қызмет көрсетесің. Жыныстық қатынасқа түспейсің. Туған сіңілім болады қасыңда», - деп сендірді. Тамақ тегін, жатын-орын бар болғанға «шүкір» деп, сабаққа бармай, бір апта массаж үйрендім. Осылайша мен сол жерге қамалып қалдым десем болады. Адина маған үйреткен әдіспен алғашында ер-азаматтарға эротикалық «боди массаж» жасап жүрдім. Бір сеанстың құны 15 мың теңге.

Барлық жұмыс ақыны Адина алады. Ай соңында есептесіп, ақшаңды беремін деді. Сөйтіп жүргенде мен клиенттердің бірімен төсектес болдым. Артынша келушілерді көптеп тарту үшін әкімші Адиля боди массажды интимді түрде жасауды бұйырды,- дейді Жансая.

Бойжеткен алғашында кетіп қалмақшы болған. Алайда, массажды үйреткен ұстазы алдап ішке кіргізіп, әбден сабаған. Жас қыз күніне кемі бес адам, кейде сегіз қонаққа да қызмет көрсеткенін айтады.

- Мен алғаш жұмысқа кіргенде «тәртіп солай» деп жеке куәлігімді алып қойды. Кейін ақшамды сұрап, кететінімді айтып ем, Адиля «жүр есептесейік» деп жатын бөлмеге апарып, ішінен іліп алып мені сабады. «Сен сорлы жейтін нан таппай, бомж болып жүрген жеріңнен паналатып адам қылдым. Бұл жақсылықты бір туысың жасаған жоқ», - деп денем көгергенше ұрды. Осылайша мен мәжбүрлі түрде интимдік қызмет ету үшін сол саунада қалып қойдым. Кейін бес айдан соң қатты ауырып, дәрігерге қаралуға құжатымды алып сыртқа шығып қашып кеттім ,- дейді бойжеткен.

Жансая саунада жан бағып жүргенде себепсіз сабақтан қалғаны үшін оқудан шығарылған. Кейін барар жері болмай өзін уақытша паналататын адам іздеген.

- Ұлбала деген қызбен саунада бірге жұмыс істегенбіз. Сол мені өзінің әке-шешесінің үйіне тұрғызды. Кейін ол пәтердің ішінен массаж жасаймыз. Ақшаны тең бөлісеміз деді. Мен келістім. Алайда табысты «пәтерақыны төлеу керек, рұқсат қағазын жасатуға қажет» деп жоқ қылып жіберді. Алты айда алғаным 30 мың теңге ғана.

2017 жылдың 6 желтоқсан күні бізді тексеріп екі жігіт келді. «Сендер заңсыз жұмыс істедіңдер, түрмеге жабамыз» деп қорқытты. Кейін олар Ұлбаламен келісіп кетіп қалды. Маған Ұлбала: «Сені түрмеге түсуден алып қалу үшін оларға 1 миллион теңге жиған ақшаны бердім. Сен оларға интимдік қызмет бар депсің. Енді осы сумманы не істесең де жылдың аяғына дейін толтырасың» деп құжаттарымды алып қойды.

Мен кетемін десем: "Ауылдағы екі кішкене сіңліңді зорлатамыз, осында әкеліп жезөкше қыламыз», - деп қорқытады. Менің жезөкше болғым келмейді. Қашып кетейін десем, бауырларым үшін қорқамын. Адам секілді өмір сүріп, адал ақша тапқым келеді, - деген бойжеткен тілшілерден көмек сұрады.

Жансая. Ш. 23 желтоқсан күні Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан күрес басқармасына арыз жазып, сол күні оны жезөкшелікке салған қыз бен жігіт ұсталды.

«Шағымданушының арызына қатысты Төле би көшесінің бойындағы пәтерден 1986 жылы туған бойжеткен мен бір жігіт құрықталып, олардың үстінен қылмыстық кодекстің 308 тармағы (жезөкшелікке тарту) бойынша іс қозғалды. Күдіктілер қазір тергеу басқармасында түсінік беруде», - деді ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Жансая Алматыдағы адам саудасына түскен азаматтарды паналататын баспанаға орналасып, алдағы уақытта жаңа өмір бастауды уәде етіп отыр.

Материал Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Эксклюзивті материалды көшіріп басуға редакция тарапынан қатаң тыйым салынады!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1709551-18-zasynan-bastap-mzbrli-trde-zezkse-atangan-kazak-kyzy-elge-zanajkajyn-ajtty-foto/

pixel