RU

Өз концертінде шу шығарған Төреғали Төреәлі сотталуы мүмкін (видео)

Төреғали Төреәлінің өз концертінде шығарған дауы әлі де басылар емес. Әнші қарияны залдан қуғаннан бөлек оған шамасы жететінін айтып, жекпе-жекке шақырғандай сыңай танытқан деп хабарлайды Еуразия арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

« «Раз на раз» алып қоямын ғой жаңағыны. Мыңмен аламын ғой «раз на раз любойын» »,- дейді шулы видеоның соңында ашулы Төреғали.

Аталған дауды қазақстандықтар әлі де қызу талқыға салып жатыр. Тіпті Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл оқиғаға қатысты өз тараптарынан шара қолданылатыны туралы ескертті.

Ал заңгерлер болса залдан қуылған қарттың әншінің үстінен шағым түсіруге құқылы екенін айтуда.

«Егер жәбірленуші тарап Төреғали Төреәлінің үстінен шағым-арыз түсіретін болса, қылмыстық жауапқа әнші тартылады. Тергеу амалдарының барысында екі жақ татуласатын болып, бейбіт келісімге келсе Қылмыстық Кодекстің 68 бабы бойынша іс қысқартылады»,- деді заңгер Еркебұлан Алпысбеков.

Еске салсақ, Төреғали Төреәлінің өткен апта Павлодар қаласында өткен концертінде залдағы көрермен мен әншінің арасында дау туындаған. Өзіне қатысты айтылған қатаң сынға ашуланған Төреғали тыңдарманынан залды босатуды талап еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709910-z-koncertinde-su-sygargan-tregali-treli-sottaluy-mmkin-video.html