Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балалар естімесін: Қазақ журналисі Баянның телехикаясын қатаң сынап тастады

Жарияланған күні:

Танымал журналист Қайнар Олжай Баянның атышулы "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" телехикаясында кездесетін өрескел сөздерден мысал келтіріп, мұндай сөздерді балалардың естуіне мүлдем болмайды деген пікір айтты. Аталған телехикаяны сынап тастаған ол өз ойын Facebook желісіндегі парақшасына жазды деп хабарлайды NUR.KZ.

Ұлттық арна журналисі Баянның телехикаясын өрескел сөздерді балалардың естуіне болмайтынын айтты
Ұлттық арна журналисі Баянның телехикаясын өрескел сөздерді балалардың естуіне болмайтынын айтты: UGC

Ел арасында танымал әйгілі "Қыз Жібек" фильміндегі кейіпкерлердің сөз саптасын мысал ретінде келтірген журналист ол фильмдегі сөздер ел арасында кеңінен танылып кеткенін айтты. Қайнар Олжайдың айтуынша, Баян түсірген бұл тарихи фильмнің деңгейі онымен салыстыруға мүлдем келмейді.

Иә, «Қыз Жібек» фильмінде кейін тұрақты тіркеске айналған сөздер көп еді. Әңгімеге біреу ортасынан килігіп кетсе «Бекежан мырза, сөзді бөле бердіңіз ғой» дер едік. Осы 2018 жылы 8 қаңтарда 60 жасқа толған Әндіржан атты курстасымыз жатақханада қыздардың бөлмесіне кіріп: «Жібекжан, қымызды қонақтар ішсін, бізге шай да жетеді» деп күлдіретін. «Біреудің басына қызыққан өз басын да ойлай жүргені жөн болар» дер едік кей жағдайда. «Қалауыңыз қасқалдақтың қаны, не адамның жаны емес шығар» дер еді аудиторияда қалжыңдаған қыздар. Бір кинодан осыншама теңеу, тұрақты тіркес ұлттық тіл байлығына қосылып еді.

Қайнар Олжай Баянның фильмінің тілі жұтаң екен әрі олардың қолданысы қазақ тілінің заңдылықтарына сай келмейтінін тілге тиек еткен.

Ал, Баянның «Баянын» баяндасақ: «Бағымызға қарай алатын бай табылды». Қарабайдың қызы туралы айтқаны. «Күйеуді тапқан өзің. Қызды да өзің тап.» Бәйбішесінің Қарабайға айтқан сөзі. «Үйіне шымылдық құрғызып қойдық. Әкел де өзің отырғызып қой». Бұл да Қарагөз бәйбішенің аузынан шығады. Не тәлім, не тәрбие бар? Бұлар – өткенде алғашқы серияда жұртты шошытқан Баянның ата-анасына «Қодар ұнаса өздерің тиіп алыңдарыңнан» дегенінен басқа мысалдар.
«Өзіңізге тиер деп зорламаңыз». Баянның Қодарға айтқаны. Қодар Баянның құрбысы Талшынға бірнеше рет «Найсап» дейді. Қанша Қодар болса да қызға ондай сөз айтпаса керек. Басқа теңеулер баршылық қой. Иә. Талшын байғұстың естімегені жоқ. Қозы да Қодардан қалыспай оған «антұрған Талшын» дейді. Бірі жағымды, бірі жағымсыз екі кейіпкердің қызға қарата айтылған сөздерінің сыйқы осындай.

Сондай-ақ, журналист фильмде тіптен естір құлаққа ұят саналатын әрі қазақы менталитке жат сөздер де кезіккеніне налыған. Мәселен, "әуейі" деген сөз о заманда бұ заман еркектер арасындағы қарым-қатынасты сипаттауға қолданылмаған деп қынжылды ол..

Баянға шешесі әкесін жамандағанда «Қарақшылармен әбден әуейі болып алды» дейді. Ал керек болса! Қарабай мен Қодар және оның қасындағылар әуейі болса қандай көрініс шығарын көзге елестете беріңіз. Сериалдағы әр фильмнің басында «12 жастан асқан балалар көруіне болады» деп жазылған. Оған «тек естулеріне болмайды» деп қосқан ләзім. Өйткені, ананың аузынан қызына қарата «еркек пен еркек әуейі» дегенді жас балалар естімесін.

"Сөйлем құрауларында бықынаған қате жүр", - деген ол фильмде тіпті жон-жоралғылардың өзі дұрыс көрсетілмегенін айтты.

Қозының әкесінің ағасы Әжібай би сый-сияпатты көрсетіп «мына сауғаны бәйбіше, өзіңізге арнайы әкелдік» дейді. «Сауғаны» жауды шапқан батыр беріп кететін. Кейде жомарттанған тонаушы тастайтын. Ал құдалыққа келген әрі елге сыйлы бидің «сауға» әкелгені – өз қадірін өзі кетіргені ме? Одан әрі маңғаз Әжібай би «Шүршіт сәнқойлары қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» дейді. Айтайын дегені «Шүршіт сәңқойларының қолына түсе бермейтін бұйым, бәйбіше», не «Шүршітте сәңқойлар үшін жасалған, қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» шығар.

Бұдан бөлек, ол фильмдегі орысша аударылған субтитрлер де дұрыс емес екенін айтты.

Қазақша сөздер тұрмақ орысша аударылған субтитрде өрескел қате тұр. Қозының Баянға айтқан «тұп-тұнық жанары, аққу мойны, шиедей ерні» дегені «чистыми глазами, шубами как вишня, с лебединой шеей» жазылған. Нанбасаңыздар, қарап көріңіздер, ақырғы серияның ең соңы осындай өрескел қатемен біткен. Шие түстес ішікті Баянның үстінен көре алмадық. Көбіне құлын жарғақпен жүрген еді. «Губа» мен «шуба» сөздерін шатастырғанда бізде қате бықып жүретінін орыс тілділер де сезсін дегендері шығар.

Журналист фильмді түсірушілер күрең ат пен жирен атты да шатастырып алғанына ренжіді.

Қозы мен Баян бірі жирен қасқамен, бірі ақбозбен қашып келе жатқанда Қозының аты жығылады. Қозы «күрең атым-ай, мұның не?» деп күйінеді. Күрең мен жиренді ажырата алмаған аңғал бала ма сонша? Сол атына қарап «Егер көкте арғымақтарға орын болса, сонда кездесерімізге сенемін» деп толғанады. Мынау Баянға да арнамаған сөзі ғой. Сосын Баянға қарап «жілігі үзіліп кетіпті» дейді. Жілік үзілмейді, сынады. Өйткені, ол бір сүйек, бірнеше сүйек жалғасқан омыртқа немесе мойын үзіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1711418-balalar-estimesin-kazak-zurnalisi-baanny-telehikaasyn-kata-synap-tastady/