RU

Алматыда сегізінші қабаттан құлаған қыздың әкесі құсадан қайтыс болды (фото)

2017 жылдың шілде айында сегізінші қабаттан құлап, қаза тапқан Тілеугүл Зәкірханованың әкесі Қуаныш Зәкірханұлы кеше кешке көз жұмды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.Туыстарының айтуынша, 45 жастағы отағасы құсадан қайтыс болған.

Тілеугүл Қуаныш ата-анасымен. Фото: Отбасылық мұрағат.
Тілеугүл Қуаныш ата-анасымен. Фото: Отбасылық мұрағат.: UGC
«29 желтоқсан күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті Тілеугүлдің жұмбақ өліміне қатысты қылмыстық істы толықтай тоқтатып, жауып тастады. Осыны естіген әкесі Қуаныш «әділдікке жете алмадық» деп қатты қайғырып, төсек тартып жатып қалған еді. 21 қаңтар күні жүрегінің талмасы ұстап, кеше өмірден озды. Еш уақытта денсаулығына шағым жасамаған азамат еді» ,- деп хабарлады отбасының туысы.

19 жасында қыршын кеткен қыздарының өліміне себепкер азаматты жауапқа тарту үшін Тілеугүлдің ата-анасы қалалық прокуратураға да шағымданған. Осы уақытқа дейін істе алты тергеуші ауысып, соңында «қылмыстық құрам жоқ» деп толықтай тоқтатылған.

Азиз Уаитов пен Тілеугүл Қуаныш. Коллаж: NUR.KZ.
Азиз Уаитов пен Тілеугүл Қуаныш. Коллаж: NUR.KZ.: UGC
«Біз қалалық прокуратураға шағымданған соң "істі бақылауға аламыз" дегенімен, бірнеше сараптама жасау керектігі туралы өтінішті қанағаттандырмаған болатын. Бірақ, 35 баптың 1-тармағы бойынша іс жабылып қалды. Марқұм Қуаныш Зәкірханұлы осыған қатты ашуланды. Алайда, істің қысқартылғанына Алатау ауданының прокуратурасы келісім бермей, кері қайтарған. Қазір Тілеугүлдің өліміне қатысты құжаттар кімде және қайда екені де белгісіз» ,- деді қорғаушы Камиша Есмұхамедқызы.

Естеріңізге сала кетсек, 19 жастағы бойжеткен Тілеугүл Қуаныштың өлі денесі Алғабас ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан табылған еді. Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызған болатын. Себебі, студент қыз өлер алдында "мені алып қашып бара жатыр" деп туыстарына қоштасу хатын жазып кеткен.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1713130-almatyda-segizinsi-kabattan-klagan-kyzdy-kesi-ksadan-kajtys-boldy-foto.html