Мектеп оқушыларына мүшеқап таратқан елордалық мамандар жаға ұстатты
Жарияланған күні:
Астана мектептерінде оқушыларға жыныстық қатынасқа түсудің жолдарын бүге-шүгесіне дейін үйрететін парақшалар таратылған. Сонымен қоса, тегін мүшеқаптар берілген деп хабарлайды “Еуразия” арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Брошюралардың бірі елорда тұрғыны Гүлбану Әбенованың қолына түскен. Қазақ қоғамында аса көп талқылана бермейтін тақырыптың осылайша анайы түрде берілгені оның ашуын келтіріпті.
“Алғашында таң қалдым, әрине. Презервативті (мүшеқап) қалай қолдану керек? Бізге ұнамағаны - жігіттерді қанағаттандыру туралы айтыпты. Жігіттерге ондай лекция болмаған, тек қыздарға. Мен де 15 жастағы қыз тәрбиелеп отырмын, оның қолына мұндай қағаз түскенін қаламаушы едім”, – дейді Гүлбану Әбенова.
Кейін қала мектептерінің бірінде ерте жүктіліктің алдын алу бойынша қыздарға дәріс оқылғаны белгілі болды. Ал, анайы түрде жазылған қағазды бойжеткендердің қолдарына мамандардың өздері ұстатқан.
“Негізі емханада орналасқан “Салауатты өмір салтын қалыптастыру” орталығынан келген жарнамалар ғой. Қажет дәрістер былайша, бірақ әрине мазмұны жас ерекшелігіне сай жасалу керек болатын”, – дейді қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова.
Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, кәмелет жасқа толмаған жастарға жыныстық қатынасқа түсу жолдарын бүге-шүгесіне дейін үйрететін парақша алдын-ала тексерістен өтпеген. Себебі, 14-16 жастағы оқушыларға өткізілетін кез келген дәріс пен түсіндірме парақшалары арнайы орталық мамандарының бақылауынан өтуі қажет.
"Бұл балалар үшін емес, тек қана медицина қызметкерлері үшін ұсыныс ретінде ұсынылған. 100 пайыз айта аламыз: Мектеп оқушылары үшін, жастар үшін ақпараттық қағаз болып табылмайды”, – деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының жанұяны жоспарлау жөніндегі бас маманы Жанерке Ажетова.
Білім және ғылым министрлігі де бұл мәселеден хабардар болып шықты. Вице-министрдің айтуынша, аталмыш мәселеге қатысы бар қызметкерлердің бәрінен жауап алынып, мектептерде арнайы қызметтік тергеу жұмыстарын бастамақ.
Осылайша, құлаққа тұрпайы естілетін мәселенің шығуына әзірге кім кінәлі екені белгісіз. Тек, алдағы уақытта мектеп оқушыларына өткізілетін дәрістер, семинаралар жіті сүзгіден өткізілмек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1713461-mektep-okusylaryna-msekap-taratkan-elordalyk-mamandar-zaga-statty/