Мезгілсіз қаза тапқан қазақ эстрадасының жұлдызы туралы не білеміз? (фото)
Жарияланған күні:
Күні кеше небәрі 23 жасында мезгілсіз өмірден өткен қазақ эстрадасының жұлдызы Нәби Аймұратовтың туған күні өтті. Нәби аз ғана өмірінде қазақтың ән өнерінде із қалдыра білген бірегей әнші. Оның «Мектептегі махаббат», «Ақ шағала», «Гүлімсің», «Мүмкін емес» әндері әлі күнге дейін халық жадында деп хабарлайды NUR.KZ.
Нәбидің өмірінің соңғы күніндегі оқиғасымен оның жары Жазира Аймұратова «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында бөлісіп, оны өмірінің соңына дейін күтетінін айтқан.
«Қызылордадағы бөлесінің тойы болатын болды. Мама (Нәбидің анасы) «тойға келіңдер» деді. Бірақ Нәби басында біздің ол тойға бара алмайтынымызды айтты. Бірақ бір-екі күннен соң тойға «Еркін Нұржановты алып баратын болдық. Дәл той болатын күні Нәби Еркінге қайта-қайта қоңырау шалып, тыншымады. Онымен сөйлесе алмаған соң, Еркіннің бөле інісіне телефон соғып, «Еркінді қалайда алып келіңдер» деді. Сонымен Еркін, Еркіннің бөлесі, бөлесінің досы үшеуі «Мерседес» автокөлігімен тойға келді. Той бітпей жатып, Нәби «қайтамыз» дей бастады. Бәрі бізді шығарып салды. Асыққан себебі, ертеңіне «Мүмкін емес» әніне бейнеклип түсіруді бастамақ еді»,- дейді әншінің жары.
Әшейінде өте ұқыпты ол, бұл жолы аяқ киімін қалай болса солай салып алып, Жазираны «бол» деп асықтырыпты.
«Жолға шықпай тұрып, әуелі Қызылордадағы үйге келдік. Сонда менің бір таң қалғаным тазалықты өте жақсы көретін, туфлиін шабаданға әшейінде екі пакетті қабаттап орап салатын Нәби сол жолы аяқкиімін қалай болса солай сала салды. «Мұнысы несі?!» дедім. Сөйтті де, «Бол!» деп мені асықтырды. Содан қаладан шыға бере, барлық достарына хабарласып: «Сендер, мені шығарып салмайсыңдар ма?» - деді. Ол ешқашан бұлай етпейтін. Екі досы келді. Қаладан шыға берістегі дәмханада отырдық. Еркін «Нәби, достарыңмен жолдан қоштасып, ертерек кете берейік те» деп еді. «Жоқ, дұрыс отырайық» деп бой бермеді. Мен кіл жігіттердің арасында отырғым келмеп еді, Нәби қоймай алып кірді. Ол жерден сағат түнгі төрттен өте шықтық. Нәби Еркіннің бөлесіне дискісін берді де, «мынаны қойшы бір билейік» деді. Мен «айдалада билегені несі?» деп тұрмын. Нәби өз әніне билемейтін-ді. Өңшең жігіттер боп, шулап биледі. Мен оларға қарап, күліп тұрмын. Содан Нәби достарымен қоштасып, тарасып жатты. Мен өзіміздің машинада отырмын»,- деп еске алды.
Келіншегімен қоштасқандай болып, оны құшақтап, сүйген Нәби сол жолы Еркін Нұржанов отырған көлікке мініпті.
«Нәби: «Жазира мынаған шалқайып жат та, ұйықта. Саған ыңғайлы болсын», - деп кішкентай жастықша берді. Айтпақшы, әлгі жерде Еркіннің бөлесінің жанында тағы бір дос баласы бар дедім ғой. Нәби Еркіннен «Еркін, мына екі жігіттің қайсысы көлікті жақсы айдайды?» - деп сұрады. Еркін «Мақсат жақсы айдайды» деді. Мақсат – Еркіннің бөлесі, Дамирдің досы. «Онда Мақсат мынаны айдасын» - деп, мен отырған өзінің көлігінің кілтін берді. Ал Дамир Еркіндер отырған машинаның кілтін алды.
Мен Нәби өзіміздің машинаға отыратын шығар деп ойладым, өйткені, ол өзгеге машинасын көп айдатпайтын. Бірақ ол маған келді де, «Жаным, мен Еркіндердің машинасына отырайын» - деді. Мен жібергім келмей «Неге?» деп ем, «Еркін менің бөлемнің тойына арнайы келіп отыр ғой, жанында әңгімелесіп отырмасам, ұят болады одан» деді. Сонымен «ерніңді әкел, сүйейін» деді де, мені құшақтап, сүйді де, көз алдымда әлгі машинаның алдыңғы орындығына барып отырды. Терезесін барынша ашып, түсіріп қойды.Сөйтіп ол машина зулап біздің алдымызға түсіп кете барды», - дейді апатқа дейінгі жағдайды баяндаған әншінің жары.
Апат орын алған уақытта Нәбидің қорғаныс белдігі тағылмаған, терезесі түбіне дейін ашық, ал әншінің өзі шырт ұйқыда болған екен. Ал әншілер отырған көлікті тізгіндеген жүргізуші жылдамдықты 230-ға жеткізген.
«Таң ата көзім ілініп кетіпті. Қызылорда мен Шиелінің арасы - бір жарым сағаттық жол. Ал біз бар-жоғы 40 минутта жетіппіз. Сәлден соң Мақсат «Тәте тұрыңызшы», әлгілер жоқ болып кетті» деді. Ұйқым шайдай ашылды. Машинаны артқа бұрып, біраз жүрдік. Қарасақ, ешнәрсе көрінбейтін шаң. Біздің артымыздан МАИ машинасы қуып келе жатыр. Сөйтсек олардың алдынан біз өте қатты жылдамдықпен өтіп кеткен екенбіз. Ал Нәбилер отырған көліктің көз ілеспес қатты жылдамдықпен зу еткені сондай, МАИ қызметкерлері көріп те үлгермеген!
Тек бізді қуып келе берген. Оны мен білмеймін. Кейін Мақсат: «Тәте, мен 200-бен жүріп те оларға жете алмадым. Естуімше олар 230 жылдамдықпен жүрген. Нәбилердің машинасы жолдан біршама әріде тас-талқаны шығып жатыр. Оны көргенде-ақ мен бәрін білдім. Өйткені, машина соншама жоғарыға ұшып, Нәби отыраған жағымен құлаған. Оның үстіне ол шырт ұйқыда жатқан. Қорғағыш белбеуді тақпаған. Терезесі ашық... Арғы жағын өзіңіз ойлай беріңіз... Бірден сол жаққа қарай жүгіріп ем, Мақсат ұстап алды да жібермеді. Оның үстіне МАИ қызметкерлері қоршап алып, ешкімді өткізбеді. Он минут шамасында «Жедел жәрдем» келіп, алып кетті.
Мен ешқайсысына көнбей, «Жедел жәрдемнің» артынан бардым. Оның артқы есігін ашқанда Еркін мен Дамир отырды, Нәби жоқ. Сол жерде-ақ оның апат болған жерде қалғанын білдім. Сол жерде есімнен танып қалдым... Көзімді ашсам үйде екенмін»,- деп қайғылы оқиғаны есіне алды Жазира Аймұратова.
Күні кеше ғана туған күні болған әншіні «Жігіттер» тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымов еске алып, желідегі парақшасында дұға арнағанын жазды.
«Көзіңнен сенің бауырым! Жаратушы иеміз мейіріміне алсын! Бірнеше жыл болды, ортамызда жоқсың! Жақсы жан едің! Фатиxа оқып, саған дұға жасау ғана қолдан келеді. Қу тіршілік кейде соны да ұмыттырып жібереді. Жаның жәннәтта болсын, досым!»,-деді Әбдірайымов.
Айта кетейік, талантты әнші Нәби Аймұратов тірі болғанда осы жылы 32 жасқа толған мерекесін атап өтер еді.
Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1713563-mezgilsiz-kaza-tapkan-kazak-estradasyny-zldyzy-turaly-ne-bilemiz-foto/