Өзін қатты жақсы көретін Нұрболат Абдуллин: Ашуыма тиген адамды оңдырмаймын
Жарияланған күні:
Республика сарайында отандық жас әнші Нұрболат Абдуллиннің жеке шығармашылық кеші өтеді. NUR.KZ порталына сұқбат берген әнші кешке дайындығын, өзін қатты жақсы көретінін және үш айда 107 концерт беріп үлгергенін айтты.
- Ертеңгі концертік кешке дайындығыңыз қалай?
- Дайындық жақсы. Әр сахнаның өзінің мысы болады, киесі болады. Енді, Республика сарайы ол ең үлкен әрі бас сахнамыз ғой. Басқа қалаларға қойған концерттен бұл кештің ерекшелігі: декорация бөлек, дизайн бөлек, сценарий бөлек, көрермен бөлек. Не үшін ұзақ уақыт қала-қала, ауыл-ауылды аралап, гостролдік сапар жасаймыз? Осындай үлкен кештерге алдын ала дайындық ретінде өзімізді пісіреміз. Кез-келген тосын жағдайдан шыға алу үшін, тұтығып, сүрініп қалмау үшін өзімізді шыңдаймыз. Жалпы, жақсы мұғалім болу үшін – сен жақсы практикадан өту керексің. Сол сияқты үлкен сахнада керемет кеш беру – көп тәжірбие жинау керекпіз. Қарайып қалмау керек. Халықпен кез-келген уақытта жұмыс жасай білу керек.
- Ал сізде ондай тәжірибе жетерліктей ме?
- Менің тәжірибем керемет асып-тасып жатыр деп мақтанбаймын. Үш жылды емес, мынау өткен күздің соңғы үш айында 107 концерт беріппіз. Мұндай концерттік сапарларға шықпай қалсам, тобырын сағынған айғыр сияқты мазасызданып кетемін. Өзіме еліміздің әрбір ауыл-аймағына барып, концерт қойған ұнайды. Содан ләззат аламын, шабыт аламын.
- Неліктен кештің қонақтарын өзге әріптестеріңіз секілді афишаға қосып, жарнамаңызды күшейтпедіңіз?
- Бұл кештің басты жаңалығы – мен. Бұл – менің тойым. Халық маған келу керек. Өнерде жүрген қаншама аға-әпкелеріміз бар. Ол кісілермен дуэт жазуға мен мүмкіндік бар. Және ол ағаларымыз да бетімнен қақпасын білемін. Бірақ, концерттен кейін «аналардың арқасында кеш өтті ғой» деген сөз таралмаса деймін. Таза әртіссің бе, бұл сенің өзіңе арналған кеш пе, ендеше өзіңнің қаншаға дейін шабатыныңды көрсету керек. Қазақ сахнасына келген Нұрболат Абдуллин деген кім? Шығармашылығы қандай? Осы және өзге сұрақтарға да жауап беру. Бұл есеп беру емес, таныстыру кеші.
- Алғаш өнерге келгендегі Нұрболат пен қазіргі Нұрболаттың сәлемдесуі екі түрлі дейтін таныстарыңыз бар. Бұл туралы не дейсіз?
Көп адамдарға менің мінезім ұнамауы мүмкін. Біреу бірдеңе десе, әуелі үндемей шыдайсың. Бірақ, тағы да маған ұнамайтын мінез көрсетіліп, сөз айтылса бірден құлатамын. Мен жаға жыртысып, төбелесу туралы айтып тұрғаным жоқ. Төбелеске аса құмар емеспін. Алайда, сөзбен нүктесін қоямын.
Ол көп адамдарға жақпайды. Одан бөлек мен - үйдің кенжесімін. Айтқанымнан қайтпайтын адаммын. Не айттым, соны істеймін. Көп адаммен ақылдаса бермеймін. Себебі, менің ойым – экслюзив. Мысалы, мына кесені қайда қоятынымды сіз білмейсіз. Өйткені, менің ішіме кіріп-шыққан жоқсыз. Дүниежүзінде алты миллиард халық болса, сонша экслюзивті пікір, ой болады. Ал, сол ойларды дұрыс пайдаланған адам жеңіске жете алады.
- Ал достарыңыз көп пе?
- Әкемнің әкесі «адамда бір-ақ дос болады. Ол – отбасы» деп айтатын. Бұл сөздерді бала кезімде естісем де, мұқият жаттап алдым. Менің ең жақын әрі жанашыр достарым – отбасым: әке-шешем, бір құрсақтан шыққан бауырларым.
Анау досым, мынау досым деп санағым келмейді. Әрине, кімнің қандай дос екенін іштей білемін. Бірақ, адамды 100% танып – білу мүмкін емес. Кез-келген адаммен дистанция ұстау керек. Ол – тәртіп, ол өзара сыйластық.
- Уақытқа қарамастан кімге қоңырау соғып, сырласып немесе көмек сұрай аласыз?
- Әбдіжаппар Әлқожаға уақытқа, ситуацияға қарамастан телефон соға аламын. Көмек сұрай аламын, іштегі бар сырымды айта аламын. Әрине, өзгелері де сөзімді жерге қалдырмайтынын білемін. Бірақ, қандай жағдай болса да әң әуелі Әбдіжаппар есіме түседі және телефондағы ең көп терілетін нөмір де сол жігіттікі.
- «Өнерде шынайы достық жоқ. Тек бартер достар болады» дейтін пікірмен келісесіз бе?
Адамның өзіне байланысты. Егер сен бартер болсаң, адамдар сондай ниетпен араласады. Мен бартер емеспін. Маған бәрі «өзіңді қатты жақсы көресің» дейді. Әрине, мен өзімді қатты жақсы көремін. Қымбат көлік мінгім келеді, сапалы киінгенді, өз-өзіме күтіп жасағанды жақсы көремін. Егер мен өзімді жақсы көрмесем, сыйламасам өзгелердің маған құрметпен қарайтынына қандай кепіл?!
Адам әр істі өзінен бастау керек. Өзің қандай болсаң, айналаңыздағы достарыңыз да сондай болады. Орта адамды немесе адам ортаны өзгертеді. Бұл енді шеберлік пен пысықтыққа тікелей байланысты. Бәлкім,ол эгоизм шығар. Кейде «өзімшілсің» дейді. Ол қасиет адамға керек. Тек жақсы жағына қолдану үшін керек.
- Егер депутат болуға ұсыныс түссе қабылдайсыз ба?
Депутат болмаймын. Халыққа қызмет ету – депутатқа байланысты емес деп ойлаймын. Елбасымен Жақсылық Үшкемпіров кездескен кезде: «Қазақстанда 5000 ауыл бар. Сол ауылдың әрқайсына мен сияқты бір-бір жігіт болса ғой» депті. Сол 5000 жігіттің тізіміне ене алсам қуанамын. Сол мақсатта жұмыс жасап жүрмін.
- Қазақстанның бір азаматы ретінде сізді не уайымдатады?
- Ұятсыздық. Әлеуметтік желілерде қазақтың қыз-жігіттерінің арасында болып жатқан ұятсыздық мені уайымдатады. Олар қартаймайтындай, өлмейтіндей солай жүреді. Кез-келген адамның былығы қарттық кезде немесе өлген соң әшкере болады. Сол уақытта жауап та сұралады. Кімдерді меңзеп тұрғанымды өзіңіз де біліп отырған шығарсыздар. Болмаса, Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Аллаға шүкір.
- Сіздің қалтаңыздағы ең көп және ең аз ақша қанша теңге еді?
Мен Алматыға келген кезде 50 мың теңгемен келген едім. Әкемнің одан көп ақша беруге жағдайы болды. Алайда, олай жасамады. Сынаған шығар. Сол ақшамен Алматыға келдім. Танысым да, туысым да жоқ. Тек жұмысымның бастығы Алтын Маханбетованы сырттай танимын. Поезддан түстім де, мектепке келдім.
Танысып, жұмыс мәселесін шешкен соң Алтын апай қолымдағы сумкаларыма қарап түсінсе керек: «баратын жерің бар ма?» деп сұрады. «Жоқ» десем, «бүгін менің кабинетіме қон. Ертең ретін табарсың» деді. Содан сол күні директордың бөлмесіне қонып шықтым. Алматыны білмеген соң, пәтер табу да оңай болмады. Екі апта бойы пәтерсіз жүрдім. Сол кезде мектепте парталардың үстіне ұйықтайтын едім. Кеште анаммен бәрі кереметтей мәз болып сөйлесетінмін.
Расымен де, пәтер жоқ, ақша жоқ деп түңіліп кетпедім. Мақсатым: өнерден өз орнымды табу болды. Сондай үлкен арманның жетегінде жүріп, ештеңеден қорықпадым. Тек еңбектенумен болдым. Мен үшін сол 50 мың теңге әрдайым ең көп және ең аз ақша болып тұрады. Ақшам жоқ кезде, сол 50 мыңға да өмір сүрген кезімді еске алып шүкірлік етемін. Қалтамда доллар көп болса, кезінде 50 мың теңгемен қиналып едім ғой. Өзіме келейін деп тәубе етіп, күпірліктен өзімді сақтаймын.
- Өзіңіз болашақта балаларыңызды осылай қатал сынауға дайынсыз ба?
- Мүмкін, әкем сияқты сынайтын шығармын. Бірақ, болашақта барлық ұл-қыздарымның жағдайын жасап қоямын. Тек сол байлыққа қол жеткізу үшін еңбектенулерін талап етемін. Балаларына жағдайын жасап, бір уайымнан құтқару ата-ананың міндеті деп білемін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1724803-zin-katty-zaksy-kretin-nrbolat-abdullin-asuyma-tigen-adamdy-odyrmajmyn/