Мемлекеттік қызметке шыдамаған қазақ баласы табысты жұмыс үшін Кореяға кеткен
Жарияланған күні:
Астаналық Бауыржан Ғалиев Корея мемлекетінде бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатыр. Ол корей халқының ерекшеліктері мен өзіндік артықшылықтары жайлы сөз қозғады деп хабарлайды NUR.KZ.
Бауыржанның айтуынша, ол Оңтүстік Кореяға бармас бұрын, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп бастаған. Алайда бір апта өте сала, ер жігіт бұл қызметті атқарғысы келмейтінін түсінеді.
«Алғашқы жұмыс орным Петропавл қаласындағы Қаржы комитетінде болды. Мен ол жерге конкурстық негізде қабылданып, бір апта ғана жұмыс істедім. Өйткені мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы істеп жүргендерге қарап, қартайғанымша қағаздар мен құжаттар айналасында болу менікі емес екенін ұқтым.
Келесі белес Астана қаласы болды. Қарапайым консультант болып кіріп, бөлімше менеджері лауазымына дейін көтерілдім. Бұл қызметпен менің 10 жыл уақытым өтті.
Бір жұмыс орнында ұзақ отырып қалғаны Бауыржанға ұнамай, ол қызмет ауыстыруға бекінген.
«2017 жылдың басында мені белгілі IT-компанияға жұмысқа шақырған болатын. Жаңа жұмыс орнымның арқасында Кореяға үш айлық тәжірибе алуға жолдама алдым. Алайда бұл елде тұрып жатқаныма бір жылдан астам уақыт өтіп кетті», - дейді Бауыржан Ғалиев.
Қазақстандықтың айтуынша, Кореяны ол мүлдем басқаша елестетіпті. Жан-жақтың барлығы компьютерлік жүйе мен соңғы технологиялармен қамтылған деп ойлаған.
«Корей халқы өте еңбекқор. Олар таң атысынан кеш батысына дейін үнемі жұмыс жасап жүреді. Оның үстіне адамдары өте ақкөңіл. Тіпті көшеде абайсызда қақтығысып кеткендер бірден бір-бірінен кешірім сұрап әлек болады. Ал егер ұрыс болған жағдайда, шапалақпен тартып жіберген азамат 50 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді немесе түрмеге отырғызылады. Алайда мұнда төбелес атаулысы өте сирек орын алады. Адамдардың сыйластығы өте жоғары деңгейде. Қазақстандықтарға олардан көп нәрсе үйреу керек», - деді ол.
Оның айтуынша, Кореяда істелінген қылмыс жазасыз қалмайды. Өйткені көшелердің бұрыш-бұрышында қаптаған камера. Кішігірім құқықбұзушылық бірден тәртіп сақшыларының назарына түсіп отырады.
Сонымен қатар, Кореяда зейнеткерлер қауымы өте көп. Олардың көпшілігі бүкірейіп жүреді. Бұл корей халқының сүт өнімдерін көп қолданбауынан болса керек дейді Бауыржан.
«Қоғамдық көліктерде егде адамдарға орын босату Кореяда жат қылық саналады. Қарт адамдар өздеріне орын босатып бергендердің қылығын кемсіту ретінде көреді», - деп қызыға айтты қазақстандық ер азамат.
Бауыржанды Кореядағы мейрамханаларда су мен кофені тегін беру қатты таңғалдырған. Оған қоса кез келген кафеде қысқа толқынды пештерге өз тамағыңды ақысыз жылытып алуға мүмкіндік те бар.
Қазақстандық ер азаматты көбісі жапондық деп ойлап қала берген.
«Корей халқы біздің елдің кеңдігіне тәнті. Олар аса үлкен аумақты Қазақстанның не себепті бос жер алқаптары игерілмей жатыр деген сауалдарын жиі қойып тұрады. Біздің мемлекетке қарағанда, Кореяда әрбір шақырым жердің өзі аса құнды. Олардың бос жатқан алқаптары да жоқ. Барлығына түгелдей күріш себілген», - дейді астаналық жігіт.
Алайда, біздің корей халқымен ұқсас жақтарымыз да бар болып шықты. Бауыржанның айтуынша, бұл елдегі адамдар да мақтануды, байлыққа ұмтылуды жақсы көреді. Оған қоса асқан ақкөңілділігі мен қонақжайлығы қазақтарға өте ұқсас келген.
"Кореяға келіп жатқан отандастарым жайлы көп естимін. Алайда қазақстандықтардың бұл жерге демалуға емес, ақша табуға келетіні менің көңіліме қаяу түсіреді", - деп ашынды Бауыржан.
"Оларды да түсінуге болады. Қазақстандағы жалақыға отбасыны асырау қиын. Егер Кореядағы ең төмен еңбекақыға көлік алуға мүмкіндік болса, біздің елде ұзақ уақыт бойы дәрігерлік не мұғалімдік салада жұмыс істейтіндер 45 мың теңгеге күн көруге міндеттелген", - деп салыстыра кетті ол.
Бауыржан Кореядағы қазақстандықтардың өзара тату екенін айтты. Олар жиі кездесіп те тұратын көрінеді.
Жақын арада ол елге оралуды көздеп отыр. Оңтүстік Корея өмірін түбегейлі өзгерткендіктен, Бауыржанның елге оралғанда атқарар міндет-мақсаттары көбейген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1726872-memlekettik-kyzmetke-sydamagan-kazak-balasy-tabysty-zmys-sin-koreaga-ketken/