Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ермек Тұрсынов: Бүркіт пен Қайрат түсірген кинодан не күтуге болады?

Жарияланған күні:

Күні кеше ғана Астанада өткен экономикалық форумға белгілі режиссер, Қазақстан кинематографистер одағының басшысы Ермек Тұрсынов та қатысқан еді. Өнер төңірегінде қозғалған келелі мәселелерге қатысты пікір білдірген ол киноның соңғы жылдары "мазаққа" айналғанын ашып айтты. Бұл туралы NUR.KZ порталы хабарлайды.

Коллаж: NUR.KZ
Коллаж: NUR.KZ: UGC

Қазақ көрермендеріне "Келін", "Шал", "Кенже", "Жат" фильмдері арқылы танылған белгілі режиссер Ермек Тұрсынов бүгінгі қазақ киносына көңілі толмайтынын ашып айтты. Талантты режиссер әсіресе тарихи киноларды түсіргенде аса сақ болу қажеттігін алға тартты.

"Бұл тұста мынадай мәселені ескере кеткен жөн. Кейбір жағдайларда автор тақырып арқылы танылса, ал кейде керісінше тақырып авторды "сүйрейтін" кездер болады. Мысалы, күні кеше ғана эфирге шыққан "Алтын орда" телехикаясын қараңыздаршы?

"Алтын орда" деп киноның аты жер жарып тұрғанымен, авторының кім екені, онымен не айтқысы келгені беймәлім. Бізде Бауыржан Момышұлы, Күләш Байсейітоваларға арналған телехикаялар да түсірілді. Ондай тарихи тұлғаларға арналған фильмдерге байыппен әрі асқан бір жауапкершілікпен қарау керек.

Мысалы, мен Сирияда қатарынан алты жыл тұрып, сұлтан Бейбарыс пен қыпшақтар тарихын зерттедім. Мен мұндай картинаға өмір бойы дайындалып келемін және бұл тақырып туралы көп білемін деп те айта аламын. Бірақ ол туралы кино түсіруге әлі де дайын емеспін.

Жалпы Алтын орда, Наполеон, Линкольн, Вашингтондар сияқты тарихы тереңде жатқан тақырыптар мен тұлғаларға "атүсті" қарайтын адамдарға таң қаламын.

Егер өзің мелодрама түсірсең мейлі, қай тұсын өзгертсең де өз еркің. Бірақ тарихты өзгертуге ешкімнің де құқы жоқ, себебі оның астарында тұтастай бір халықтың, ұлттың тарихы жатыр. "Алтын орданы" түсіргендер тіпті Есенберлинді оқымады десе де таң қалмаймын", - деп кесіп айтты режиссер.

Сонымен бірге ол "қандай да бір оқиғаға қатысты тапсырыспен түсірілетін фильмдерден де шедевр шықпайтынын" айтты.

"Мен ондай тапсырыспен түсірілетін картиналардан бас тартамын. Ондай тапсырыс адамға "құдайдың" өзінен түсуі керек",-деп қысқа қайырды ол.

Режиссер қазақстандық жас көрермен туралы да өз пікірін ортаға салды.

"Жастарға дұрыс бағыт беру керек. Негізі білімі бар, ой-өрісі кең адам кез келген ақпаратты қабылдап, санасына сіңіре бермейді, ол тек өзіне қажеттісін ғана қабылдап үйренеді.
Ал жастар қазір қорғансыз. Неге? Өйткені олар жан-жақтан ақпараттық қысым көріп отыр. Біздің жас күнімізде екі телеарна мен 4 газет ғана болған. Қазір ақпарат көзі көп, жастар соның қайсысын қабылдау керектігін білмей дүбәрә күйді кешіп жатыр", - деді Ермек Тұрсынов.

Ал бүгінгі қазақ кинематографиясында қай кинотуындыға жоғары баға бересіз деген сауалымызға "көңіл көншітетін кино жоқ" екенін атап өтті.

"Қуанғым келеді, бірақ қуанатын дүние жоқ. Кейбір кинодағы үзінділер ғана адамды қуантады.

Жалпы соңғы он жылда ауыз толтырып айтатындай, көркем дүниені көрген жоқпын",-дейді режиссер.

Ермек Тұрсынов кейінгі толқын актерларына да көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, аға буын өкілдерінен Кәдірбек Демесінов пен Ғазиза Әбдінабиеваның өнерін ерекше бағалайды екен.

"Егер киноның сапасы төмен болса, актерлардың сапасы қалай жоғарылайды? Ол бір-бірімен байланысты дүние емес пе? Өз басым Ерболат Тоғызақовты айтатын едім. Бірақ ол кісі менің барлық кинома түскен адам. Сондықтан ыңғайсыз болар.

Ал бұрынғы аға буыннан Кәдірбек Демесінов, Ғазиза Әбдінабиеваны атап айтар едім. Олар сол кездері телехикаяларға түсіп қалды да, таланттары ашылмады. Ал телехикаялардың құндылығы, сапасы төмен келеді.

Парадокс қой? Білімді, дәрежелері биік, нағыз майталман актерлер солай рольсіз қалды, сондықтан амалсыздан сондай арзан сериалдарға түсіп жүрді. Егер құнды дүниелер болса, олар алып шығатын еді.

Мәселен Тоғызақовты алып қарайықшы? Тоғызақов артист емес, далада жүрген шал. Осындай кездейсоқ жағдаймен киноға түсіп қалды. Келесі күні ол халықтың "шалына" айналды, солай емес пе?", -деп пікір білдірді режиссер.

Белгілі кинематограф "аталған мәселе неліктен күні бүгінге дейін шешілмей келеді?" деген сауалымызға "соңғы жылдары киноның мазаққа айналғанын" кесіп айтты.

"КВН, шоу-бизнестің бәрі кино түсіріп кетті. Бүркіт пен Қайрат Нұртастар кино түсіріп жүр. Ондай кинодан не күтесіз?", - деп қысқа қайырды режиссер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1732866-ermek-trsynov-brkit-pen-kajrat-tsirgen-kinodan-ne-ktuge-bolady/