Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жолы болғыш ақтөбелік жігіт құм тиеп жүріп бір уыс алтын тауып алды

Опубликовано:

Ақтөбеде құрылыс алаңынан құнды жәдігер табылды. Бір қызығы, алтынмен апталған ат әбзелдерімен бірге жерленген ер адамның мүрдесін археологтар емес, карерьерде құм тиеп жүрген жұмысшылар қазып алыпты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Алтын тапқандар. Еуразия арнасынан скриншот
Алтын тапқандар. Еуразия арнасынан скриншот: UGC

Олар жәдігердің «Алтын адам» екеніне сенімді. Бірақ, тарихшылар болса даурығуға ерте деп отыр.

«Алтын адамды» әуелі қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан жүргізуші байқап қалыпты. Айтуынша, алдымен мүрденің басы домалап түскен. Артынша алтын бұйымдар төгіліпті.

«Басы домалап түсті, ізінше құмды тастағанда алтын сау ете қалды», - дейді ол.
Алтын. Еуразия арнасынан скриншот
Алтын. Еуразия арнасынан скриншот: UGC

Ақтөбеден он шақырым жердегі бұл карьерде кәсіпкер Данат Бақыт құрылысқа қажетті құмды қазып, тасымалдаумен айналысады.

Құм тиеп жатқан жүргізуші адамның сүйегі шықты дегенде дереу жұмысты тоқтатып қойыпты. Артынша мүрденің басы домалап түскенде тіпті абдырап қалғандарын жасырмады.

Ал алтын саулап құйылғанда, бұл тектен-тек емес екенін түсініп, дереу полиция шақыртыпты.

«Бірінші ойым, енді қорқып кеттім. Адамның денесі түскесін, шошисың ғой. Алтын түскеннен кейін тіпті шошыдым. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дейді. Бірақ, біз ештеңеге тиіскен жоқпыз. Бір жағынан енді әруақты біреу болып жүрер деп ойладық» - дейді тұрғын Данат Бақыт.
Алтын. Еуразия арнасынан скриншот
Алтын. Еуразия арнасынан скриншот: UGC

Карьердің басындағы куәгерлердің айтуынша, адамның сүйектері шамамен үш метр тереңдіктен шыққан. Бір ерекшелігі, қырдың үстінде емес, жанында жерленген деп отыр.

Ер адамның мүрдесімен қоса біраз алтын бұйымдар және жылқының сүйектері табылыпты. Құнды жәдігердің табылғаны туралы хабар жетісімен полицейлер құрылыс алаңын қоршауға алып, бөгде адамдарды жолатпаған.

Артынша археологтар маңайды тағы бір қарап шыққан. Құрылысшылардың тауып алғаны «Алтын адам» деп сенімді түрде айтуына әлі ерте деп отырған солар.

«Ер тұрман, оның ішінде ер тоқым алтындалған. Табылған алтын фольгалар, пластинкалар ер тоқымда қапталған болуы керек. Біз мынау алтын, мынау күміс, мынау қола деп айта алмаймыз.
Оны біз тек болжаммен айтамыз. Сүйек те, табылған заттар да, артефакт дейміз ғой, олар камералық өңдеуден өтпейінше біз сенімді түрде ештеңе айта алмаймыз» - дейді тарихшы ғалым Дәулет Әбенов.

Табылған жәдігерге қатысты тарихшылардың айтқан тоқетері - табылған қорым біздің заманымызға дейінгі 2-4 ғасырға жатады.

Жерленген ер адам 40-45 жас шамасында болуы ықтимал. Және ол тегін адам емес, ғұн тайпасының көсемі, беделді, ауқатты адам болуы мүмкін.

Өйткені, адамның сүйегі жатқан жерде бағалы металдан жасалған бұйымдар табылған. Аттың ерін сары түсті металдан әшекейлеген. Киімдері де сары түсті металмен көмкерілген. Жәдігерлер мұражайдың қорында тұр.

Ал табылған алтынның салмағы әзірге өлшенбепті. Экспонаттардың құндылығын анықтау үшін әуелі Алматыға зертханаға жібереміз дейді мұражайдағылар.

Жаңалығыңыз болса, порталдың WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1735692-zoly-bolgys-aktbelik-zigit-km-tiep-zrip-bir-uys-altyn-tauyp-aldy/

pixel