Алматы облысында тоғыз жыл құлдықта болған қыздан туған анасы бас тартты
Жарияланған күні:
Алматы облысында тоғыз жыл құлдықта болған 11 жасар қыздан ата-анасы бас тартты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қыздың нағашылары төрт баласымен жалдамалы үйде тұрады. Жағдайлары төмен. Ал өзімен бірге құлдықта жүріп, бар азапты бірге көрген туған шешесі одан бас тартып отыр.
Әкесі де тәрбиеме бағынбайды деп бауыр етін үйінен қуып шыққан. Жақындарынан пана іздеген Ділназ құлдықта кімдер қай жерде ұстағанын айтып берді.
«Кішкентай үй бар еді сарай сияқты. Суық. Отын әкелмеуші еді. Көмір бермеген. Күнде макарон алып, пісіре береміз», - дейді Ділназ.
Азапты тоғыз жылын Ділназ осылай емін-еркін баяндай бастады. Көзінен бір тамшы жас шықпады. Өйткені, таяқ жеп, аштан қалатын күндерге еті әбден үйренгенін айтады.
2009 жылы анасы жұмыс іздеп Еңбекшіқазақ ауданы, Ақбасар ауылына сиыр саууға барған.
Сөйтіп қожайындары оларды тоғыз жыл қинап құл еткен. Тек қыстыгүні анасы қатты ауырып пайда болмаған соң қожайындары қуып жіберіпті.
«Ал, бізді жіберген соң қорқыту басталды. Сендер біреуге бірнәрсе айтсаңдар, сені балалар үйіне жіберіп, бәрін кесіп тастаймын. Ал сені жындыханаға апарамын деді мамаға», - дейді құлдықта болған қыз Ділназ Ташкенбаева.
Ауыл фермасында өздері секілді тағы 12 адам құлдықта жүріпті. Қашайын десе, қорқады. Қашпайын десе ұрып-соғып мезі қылады. Тіпті анасы сол қыспақта жүріп үш ұл тапқан.
Төрт баласымен қожайынға сыймады ма, оп-оңай жіберіпті. Сөйтіп, келіншек өз әке-шешесінің үйіне келеді. Бірақ аға-жеңгелері Ділназды көріп, шошыдық дейді. Анасы дұрыс қарамай сарайда жататын күйге түскен.
«Бұл қыз сарайда жатқан. Қараусыз. Хабар жетті. Одан кейін біз алып кеттік. Анасы бас тартты. Қыз маған керек емес деп. Бізге жазып берген распискасы бар. Уақытша қызым ағамның қолында тәрбиеде болады деген», - дейді Ділназдың жеңгесі Жанар Кенжебекқызы.
Ділназ қазір төрт баласы бар туғандарының үйінде тұрады. Аға-жеңгесінің тек біреуі жұмыс істейді. Жеңгесі үйде. Үкіметтен жәрдемақы да ала алмайды. Жалдамалы үйге 25 мың теңге төлейді.
Отбасының материалдық жағдайы да мәз емес. Сондықтан, нағашылары мемлекеттік қорғаушылар Ділназды қамқорымызға бермей ме деп қорқады. Ал аудандық шенділер шешесінің бас тартқанын растап отыр.
Тәрбиесіне көне алмапты. Әкесі болса жоқ екен. Енді, туыстарына беру үшін анасының құжаты болу керек дейді.
«Себебі Наргиздің құжаттары жоқ. Жоқ болған соң бізге ешқандай заңды әрекеттер жасауға мүмкіндік жоқ. Ата-аналық құқықтан айыруға, қорғаншыларға табыстауға мүмкіндіктер жоқ болып жатыр», - дейді Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің балалар құқығын қорғау және қорғаншылық секторының меңгерушісі Ақмарал Манасбаева.
Он бір жасында әріп танымайтын Ділназды білім бөліміндегілер интернатқа орналастырған. Құжат рәсімделіп, қамқоршы іздейтін болса, отбасының барлық жағдайы ескеріледі екен.
Сондықтан, аядай бөлмеге төрт баласын әрең сыйдырған әулетке Ділназды үкімет бермесі анық.
Жаңалығыңыз болса, порталдың WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1736122-almaty-oblysynda-togyz-zyl-kldykta-bolgan-kyzdan-tugan-anasy-bas-tartty/