Астаналық жігіт 10 шақты қызды алып қашқанын айтып, мақтанды (видео)
Жарияланған күні:
Астанада жора-жолдастарына 10-ға жуық қызды алып қашуға көмектескен жігіт Еуразия бірінші арнасына сұхбат берді.
Оңтүстік өңір үшін қызды алып қашу қалыпты жағдай. Мұндағы цифрдан жаға ұстайсың.
Статистикаға жүгінсек, соңғы бес айдың ішінде 49 бойжеткеннің некесі еркінен тыс қиылған. Ал 2017 жылы 106 қыз алып қашудың құрбаны болса, оның 14-не қатысты тергеу-тексеру амалдары әлі жүргізілуде.
Қыздардың намысын жерге таптап, адам құрлы санамауы - жабайылық деп есептейді депутат Бақытгүл Хаменова. Оның пайымынша, өрімдей қылып өсіріп отырған аруларды алып қашу - сорақылықтың белгісі. Тіпті, мұндай қадамға барған азаматтарды жауапқа тартқан дұрыс дейді.
«Дәстүр ол қасиетті нәрсе, оған ешқандай қарсылығым жоқ. Ол дәстүр де, келісім арқылы болса, ол міне шынайы дәстүр. Ал ерте замандағы сондай бір жабайылықтың көрінісін жасауға болмайды. Мен де қыз өсіріп отырған анамын. Менің де өрімдей қылып өсіріп отырған қызымды айдың-күннің аманында біреудің алып қашуын, әрине сорақылық деп бағалар едім», - дейді парламент мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова.
Заңгер Шыназбек Маханов қызды еркінен тыс алып қашу қылмыс екенін ескертуде. Мұндай қадамға барған жігіттер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын айтады. Сол себепті, кез келген жігіт оқиғаның куәгері болса да жауапқа тартылады екен.
«Бұл жағынан қылмыстық кодекстің 125 бабы бар. Бұл алдын ала топ байланысып, адам ұрлау бағытына жатады. 7 жылдан 12 жылға дейін. Қылмыстық кодекстің екінші бабына кетіп қалуы мүмкін. Ол - қыз зорлау», - дейді заңгер Нышазбек Маханов.
Ал Нағызхан Ерімбет - 10-ға жуық қызды алып қашуға себепкер болған азамат. Айтуынша, қазір сол бойжеткендердің бәрі бақытты. Балалы-шағалы. Тіпті, оған алғысын айтып жататын көрінеді.
Осылайша, қыз алып қашуға әбден машықтанған ол ескі дәстүр көптеген қыздардың бағын ашатынына сенімді.
«9-10 қыздай алып қаштық. Әрдайым үйіне барған кезде шәй дайындап тұрады» - дейді қала тұрғыны Нағызхан Ерімбет.
Әзірге, қыз алып қашуға қатысты қатаң тыйым жоқ. Тек, заңгер мамандар оны адам ұрлаумен тең дейді. Сол себепті, оның заң алдындағы жауапкершілігі өте жоғары екенін ұмытпаған жөн.
Жаңалығыңыз болса, порталдың WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1736127-astanalyk-zigit-10-sakty-kyzdy-alyp-kaskanyn-ajtyp-maktandy-video/