Астанадағы қаңғыбастар мереке қарсаңында тағы да қуыла ма?
Жарияланған күні:
Астанада маңызды шара бола қалса, мұндағы қаңғыбастардың мазасы қашатыны рас. Биыл Елорданың 20 жылдығы қарсаңында үй-күйсіз жүрген жандарды не күтіп тұрғаны белгілі болды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Астанада үй-күйсіз жүрген адамдарды табу қиынға соқпайды. Ашық аспан астында өмір сүріп жатқан Ербол мен Татьяна қалада маңызды шара болса, қаладан тыс жерге алып кететіндерін жасырмады.
"Жыл сайын солай болады. Алып кетеді! Бәрін лақтырып жіберді. Сол жақтан сосын жаяу келгенбіз", - дейді Татьяна.
Кезбе атанғаны 10 жылға жуықтаған бұл жұп адамдардан талай қорлық көргендерін айтып, қайырымды жандардың жоқ еместігін де анықтап берді.
"Айналадағы тұрғындар нан, тамақ әкеп береді қолдан келгенше. Олар менің мүгедек екенімді біледі. Осы жердің күзетшілері маған ешкім тиіспесін деп қарап жүреді. Жақында жасым елуге келеді. Ештеңеден қорықпайтын болдық. Қаладан қуамыз десе, қуа берсін", - дейді Ербол Айымбетов.
Қала тұрғындары болса ондай адамдарды оңалту керектігін алға тартады.
"Астана болғаннан кейін халықтың саны күннен күнге көбейіп жатыр, туристер келіп жатыр. Сол кісілердің алдында басымызды жерге қаратпай, бір жерге орналастырған дұрыс. Бұл жағдай солай тынышталатын сияқты", - дейді қала тұрғыны.
Астананың 20 жылдығы қарсаңында қоғамдық тәртіптің қалай сақталатыны жайында мағлұмат берген Ішкі істер министрлігі өкілдері болса, ЭКСПО кезінде қаңғыбастарды қаладан қумағандарына сендіруге тырысты. Биыл болса тиіспейміз деп отыр.
"Астанада арнайы оңалту орталығы бар. Егер адамның нақты тұрғылықты жері мен құжаты болмаса, оны аталған орталыққа жеткізеді. Себебі, оның кім екенін анықтау қажет. Әлі есімде, ЭКСПО кезінде қаңғыбастарды басқа жаққа көшіруге қатысты алыпқашпа әңгіме көп болған. Астана күнін тойлау кезінде ондай шаралар болмайды. Ұшақпен де, пойызбен де ешкімді көшірмейміз", - дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1737155-astanadagy-kagybastar-mereke-karsaynda-tagy-da-kuyla-ma/