Алматылық имам тауып алған бойжеткенмен анасы жылап көрісті (фото)
Жарияланған күні:
Кеше Алматы қалалық орталық мешітінің наиб-имамы Қасым Әшімовтің кешкі кезекшілік кезінде осыдан бір жыл бұрын жоғалып кеткен тараздық бойжеткенді тауып алғанын хабарлаған едік. Бүгін олар 12 ай бойы көрмеген қыздарын құшақтап, қуанышты сәтке себепші болған имамға алғыстарын білдірді деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Мейрамгүл Тәтімжанова 12 ай бойы хабар-ошарсыз кеткен немересін табылғанын естіп, өзін қоярға жер таппай жүр. Себебі осыған дейін кейуана немересінің жоғалып кеткеніне өзін кінәлап келген, себебі Айгүл жоғалған күні осы кісінің үйінде болған екен.
"Аяқ асты. Өзі мүгедек болатын. Зейнетақы алатын. Ертең дәрігерге апарамыз деп отырдық. Кешке басы ауырса керек. Басым ауырып тұр деген. Үйден шығып кетіп қалды. Қашып кетті. Содан бері көрген жоқпыз. Іздеумен болдық. Ана жер десе анда барам, мына жер десе мында барам. Көзімнен жас тыйылмады", - дейді Айгүлдің нағашы апасы Мейрамгүл Тәтімжанова.
Айгүлді апасының қолына ата-анасының өзі берген. Өйткені, 16 жастағы бойжеткен аутизммен аурады. Ал үйде Айгүлден бөлек тағы үш бала бар. Олар улап-шулаған кезде бойжеткен айқайға салып, мазасызданады екен. Осы себепті үйден бір емес, бірнеше мәрте қашқан. Бірақ, дәл осылай ұзаққа жоғалмапты. Бүгін оны тірі көрген анасы осы оқиғаға себепші болған имамға алғысын жаудырды.
"Бір жыл таппай жүрген баламды таптыңдар. Мың да бір рақмет. Қызымды тауып берді. Құдай бала-шағаларын аман етсін. Тірі, екенін көргенде жүрегім тынышталып қалды", - дейді Айгүлдің нағашы апасы Мейрамгүл Тәтімжанова.
Қазір Айгүл қаладағы 12 ші ауруханаға жеткізілді. Қыздың денесін ұзақ уақыт жуынбағаннан жара басып кеткен.
Ата-анасы болса оның тек сауығып кетуін тілейді. Бойжеткен ем алғанша олар қалада қалмақ. Ал барлық шығынды орталық мешіт көтереді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1738149-almatylyk-imam-tauyp-algan-bojzetkenmen-anasy-zylap-kristi-foto/