Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыда сал ауруына шалдыққан бүлдіршінді балабақшадан қуып жатыр

Жарияланған күні:

Қарағандыда сал ауруына шалдыққан үш жасар қыздың анасы жекеменшік балабақша басшылығына ашулы. Ондағылар бүлдіршінді кемсітіп қана қоймай, тіпті киімдерін лақтырып, далаға қуған. Бұл туралы Еуразия арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ порталы хабарлайды.

Көрнекі фото: mail.ru
Көрнекі фото: mail.ru: UGC

Кішкентай Румейсаның сәл ақсап жүргені болмаса, дамуында ақау жоқ екен. Дәрігерлер де оның балабақшаға баруына рұқсат берген. Сондықтан кезегін күтіп, жекеменшік білім беру мекемесіне келген. Біраз уақыт өткен соң, директор бала үшін қосымша 10-15 мың теңге төле депті. Үнемі жылай беретін бүлдіршін тәрбиешінің мазасын алып, өзге балаларға кедергі келтіреді деген көрінеді.

«Мен директордың нені меңзеп тұрғанын түсіндім. Қосымша 5 мың теңгедей беретін шығармын деп ойладым, бірақ ол айтқан соманы қалтам көтермейді. Іле-шала тәрбиешіге бардым. Ол менің баламмен еш қиындық жоқ, қосымша ақы керек емес деп жауап берді» - дейді Румейсаның анасы Лиана Сұлтаева.

Баланың қуылуын ана дәл осы жайтпен байланыстырып отыр. Келіспегенім сол еді, баланың киімін лақтырып, есікті меңзеді, дейді. Оны айғақтайтын куәгерім бар деп отыр.

«Бір қарасам, балабақша директоры Румейсаның киімдерін шығарып, кішкентай орындықтың үстіне қойып жатыр. Киімдеріңізді алып, кетіңіздер,- деді. Түсінбей қалдық. Кейін екеуі ұрсысып, ауру балаңыз бола тұра, бірдеңе талап етесіз деп дауыс көтерді. Меніңше, олай кемсітуге болмайды», - дейді куәгер Ақмарал Мұсаханова.

Алайда балабақша әкімшілігі мұның бәрі жоққа шығарып, әйелдің сөзін жала деп отыр. Директордың сөзіне сенсек, Румейсаның құжаттары толық емес. Бірақ соған қарамастан оны қабылдап, құжаттарын реттеуге уақыт бердік, дейді. Ал ақшаны балаға арнайы қарайтын қосымша жұмысшы жалдауға қажет болған соң сұратыпты. Бірақ міндеттемедім деп отыр.

«Біз оны ештеңе деп айтып жатқан жоқпыз. ДЦП ма, басқа ма, ештеңе айтып жатқан жоқпыз. Біз баланы қабылдаймыз дедік. Қандай болса да, қабылдаймыз. Бірақ бізге тағы да балаға қарайтын көмекші керек дедік. Ондай біздің келісім-шартымызда қызмет көрсету бар», - дейді «Балатай» балабақшасының директоры Гүлдана Әбенова.

Директордың айтуынша, тәрбиеші өзге балаларға көңіл бөле алмаған соң, екі ата-ана бүлдіршіндерін алып кеткен. Арадағы дау білім бөліміне де жетіпті.

«Ата-ана 19 маусымда «Балатай» балабақшасына өтініш жазып, баласын басқа балабақшаға орналастырамын деп алып кеткен. Бүгінгі күні ол баланы басқа балабақшаға орналастыру жөнінде жолдама алуға қарастырылып жатыр», - дейді Қарағанды қалалық білім бөлімінің маманы Әлия Биева.

Кішкентай Румейса дау туған балабақша тізімінен әлі шығарылмапты. Келем десе, есік ашық, дейді басшысы. Алайда, көңілі қалған ананың ол мекеменің табалдырығын қайта аттауы екіталай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1738350-karagandyda-sal-auruyna-saldykkan-bldirsindi-balabaksadan-kuyp-zatyr/