Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Стадионда сегіз айлық баланы өлім аузынан алып қалған жігіт елді тәнті етті (фото)

Опубликовано:

17 маусым күні Астанадағы орталық стадионда тосын жайт орын алды. Сегіз айлық сәбиге кенеттен ауа жетпей, ол өзінен өзі көгеріп қалған. Осы мезетте жан ұшыра жүгіріп, көмек сұрап жүрген анаға әскери дәрігер, ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубындағы медициналық қызметтің басшысы Талғат Естаев көмек қолын созды. Ол бірден іске көшіп, жедел жәрдем келіп жеткенше баланың өмірін ажалдап арашалап үлгерді деп хабарлайды NUR.KZ.

Стадионда сегіз айлық баланы өлім аузынан алып қалған жігіт елді тәнті етті
Стадионда сегіз айлық баланы өлім аузынан алып қалған жігіт елді тәнті етті: UGC

Бүгінде Талғат Естаевтың ерлігі әлеуметтік желілерде тарап кеткен. Тіпті Талғаттың өзі бұл ақпараттың тез тарап кеткеніне аң-таң болып, таңданысын білдірді.

"17 маусым күні Астанадағы стадионда өткен триатлон ойынын тамашалау кезінде мына әскери дәрігер біздің досымыздың сегіз айлық сәбиін құтқарып өлімі аузынан құтқарып қалды.

Бала ойда-жоқта демала алмай қалған. Бұл тіпті дені сау балалардың өзінде болуы мүмкін жағдай екен. Ол өзінің бар білгенін іс жүзінде аз уақыттың ішінде жүзеге асырып, баланы тірілтіп алды", - деп жазды желі қолданушыларының бірі Арман Мусина өзінің Facebook желісіндегі парақшасына.

Стадионда сегіз айлық баланы өлім аузынан алып қалған жігіт елді тәнті етті
Стадионда сегіз айлық баланы өлім аузынан алып қалған жігіт елді тәнті етті: UGC

Талғат Мұхамедияұлының айтуынша, бірнеше жыл бойы реаниматолог болып қызмет атқарып келген дәрігер үшін адам өмірін сақтап қалу - басты міндет. Сондықтан ол тілшіміздің өзі туралы мақала жария ету ниетіне бастапқыда қарсы шықты.

"Қазір бұл ақпарат барлық жерге тарап кетіпті. Мен мұндайды біреуге айтып, дүниеге жар салғанды қаламаймын. Алайда ондай жағдайда адамға көмек қолын созуды өзімнің міндетім деп білемін", - деген ол оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

"Мен сол күні жұмыс бабымен стадионға барған едім. Сөйтіп отыр едім, жанымнан бір әйел жан ұшыра жүгіріп өтті. Қарасам қолында кішкентай баласы бар. Сәби көгеріп қалған. Қақалып, ауа жетпей қалған болуы керек. Мен бірден іске кірісіп, баланы, шыны керек, әйелдің қолынан жұлып алдым десем де болады. Оған өзімнің дәрігер екенімді айтып, түсіндіріп, әрекетке көштім", - дейді дәрігер.

Айтуынша, баланың өліп кетуі үшін бір минуттың өзі жеткілікті болған.

"Шынымды айтсам, мен баланы қолыма алғанда ол жансызданып бара жатты. Өліп бара жатты десе де болады. Есін білмеді. Тез арада алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем келгенше оны тірілтіп алдым. Негізі, менің ойымша, бала дәрігерлер келгенше шыдамас еді. Мен оның ауыз қуысын тазалап, жасанды демалдырдым. Ол демала бастаған кезде, жедел жәрдемге апардым. Бұрын өзім Жезқазған қаласындағы ауруханада жансақтау бөлімінің меңгерушісі болған едім. Сол себепті олар айтқанымның барлығын дұрыс орындап, бала аман қалды", - дейді Талғат.

Ол мұндай жағдайда дәрігердің сәбидің жанынан табыла қалуын ғажайыпқа балайды. Себебі дәл сол кезде әрбір секунд маңызды болған.

"Бала екі күннен кейін тоғыз айға толғалы отырған екен. Қазір баланың жағдайы жақсы. Жұмысыма ата-анасымен бірге келіп кетті. Оларға рахмет. Негізі мұндай жағдай өзімнің де басымнан өткен. Кішкентай қызымның ыстығы көтеріліп, салдарынан ауа жетпей, көгеріп қалды. Шүкір, өзім дәрігер болғандықтан, аман алып қалдым", - дейді ол.

Айтуынша, оның жұбайы Виктория да дәрігер-гинеколог. Олар үш бала тәрбиелеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1739121-stadionda-segiz-ajlyk-balany-lim-auzynan-alyp-kalgan-zigit-eldi-tnti-etti-foto/

pixel