Айқын Төлепберген алғаш рет бірінші әйелінен туған балалары мен жеке өмірі туралы айтты
Жарияланған күні:
Танымал қазақстандық әнші Айқын Төлепберген алғаш рет өзінің жеке өмірі, бірінші әйелінен туған балалары туралы сұхбат беріп, жан сырын ақтарды. Үнемі ашық-жарқын көңіл-күйде жүретін әнші балалардың тәрбиесіне келгенде қатаңдық танытамын, дейді. Еуразия бірінші арнасына сұхбат берген эстрада әншісі отбасындағы ел талқысына түскен мәселелерге қатысты пікір білдірді деп жазады NUR.KZ.
Айқын биыл үлкен ұлы бірінші сыныпқа барғанын жеткізді. Алайда ұлының қуанышты күнінде оның жанында бола алмапты.
"Жақсы әке болуға тырысамын. Бірақ кейде қолымнан келмей қалады. Бірінші сыныпқа анасы апарып, салтанатты шарадан видео жолдады. Ол өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалардың барлығында анасымен бірге болады. Мен үнемі жанында бола алмаймын.
Тіпті туған күнінде де оның жанында бола алмай қаламын. Басқа қалаларда гастрөлде жүремін. Бірақ Алматыда болған кезде әрқашан жанынан табыламын. Жақында ол "Құмырсқалар ойыны" деп аталатын ойынға қызығушылық танытқанын көрдім. Оның бұл ойыны маған ұнап қалды. Менен басқа ойындарды сұрап жүрген жоқ. Кейде бірақ Sony PlayStation-ды ойнайтынымыз бар", - дейді Айқын.
Әнші ұлының сабағын қарауға көмектеспесе де, оларға өзін-өзі қорғауды үйретуден алдына жан салмайтынын айтады.
"Оған бокс үйретемін, джиу-джитсуға қатысады. Мектепке күні бойы қолы босамайды. Үй тапсырмаларын да сонда жасайды. Бұл маңызды, себебі үйде ол демалады", - дейді Айқын.
Бұдан бөлек, әнші жеке өмірі туралы да айта кетті. Үнемі ел назарында жүретін әртіс өзінің отбасына қатысты айтылатын қаңқу сөздер туралы да өз пікірін білдірді.
"Иә, менің өміріме қатысты пікір жазатындар көп, әсіресе көңілге келетін сөз жазатындар саны көп. Өмірде әркімнің тағдыры әрқалай болады. Мен осы жолды таңдадым, бұл - менің жолым. Өзгенің жолымен жүріп өтпей жатып, ештеңе деп артық сөйлеудің қажеті жоқ. Әсіресе, менің балаларыма қатысты әңгіме айтатындар қынжылтады.
Мен оларға біреудің тиіскеніне жол бермеймін. Менің өмірлік мақсатым - әкемнің мақтанышы болу. Мен де балаларыммен мақтанғым келеді. Мені адам қылған әкем. Ол мені қазақтілді етіп тәрбиеледі. Шығармашылыққа баулыды, ас ішіп болған соң "әумин" деуді үйретті, үйде тек қана қазақша сөйлеткізді.
Мен де өз балаларыма тәрбие беріп жатырмын. Олар да менің айтуыммен өмір сүретін болады. Мен - қатал әкемін. Балаларым "Әкеңе айтамын" деген сөзден қорқады. Бұрын іссапарға кетсе болды, әкесі тәрбиелемейді дейтін ел. Қазір әлеуметтік желі, байланыс құралдары бар. Күнде хабарласып, жағдайын біліп тұруға болады", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1753567-ajkyn-tlepbergen-algas-ret-birinsi-jelinen-tugan-balalary-men-zeke-miri-turaly-ajtty/