RU

Көкпар тартып, ат құлағында ойнайтын үш баланың анасы туралы не білеміз?

Түркістан облысы Созақ ауданында жастайынан атқа мініп, көкпар тартып, бәйгеге қатысып жүрген келіншек тұрады. Өз өңіріне айрықша өнерімен аты шыққан Алтешова Адолат үш баланың анасы атанса да, әлі күнге ат үстінен түспеген мықты көкпаршылар санатында. Шабандоз келіншек неліктен бұл күрделі әрі әйел затына тән емес кәсіппен айналысатынын айтып берді деп жазады el.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

көкпаршы
Фото: el.kz: UGC

1971 жылы Түркістан облысы Созақ ауылында дүниеге келген Адолат үш жасынан бастап атқа мінуге құлық танытып, әкесінің арқасында жылқы малының қыр-сырын меңгеріп алыпты.

Келіншектің айтуынша, ол бес жасында мал қайыра алатын дәрежеге жеткен. Ат құлағында ойнауды жастайынан меңгерген Адолат осы уақыттан бастап көкпар тартып, қыз қуу секілді ұлттық ойындардың жілігін шағып, майын ішетін дәрежеге жетіпті.

көкпаршы
Фото: el.kz: UGC

Адолаттың айтуынша, оның анасы да кезінде көкпардың майталманы атанған өнерлі адам болған екен.

Анам да тап қазіргі мен секілді көкпар болса көкпарға, қыз қуу болса қыз қууға шыға салатын жан еді. Әкем жоқта атқа мініп, жоқ қарап, жылқы қайыра салу ол кісі үшін үйреншікті шаруа болып саналатын", - дейді келіншек.
көкпаршы
Фото: el.kz: UGC

Адолат 13 жасында аудан бойынша өткен бәйге додасында бірінші орын алып келгенін еске алды.

Айтуынша, оның қанжығасына байланған жеңіс тек мұнымен шектелмейді. Ол көптеген жарыстарға қатысып, нәзік жандылардың ерлерден еш кем түспейтінін дәлелдеп шыққан.

Ал қыз қууға ол 15 жасынан бастап қатыса бастаған.

көкпаршы
Фото: el.kz: UGC

Адолаттың жасы қырыққа жақындаса да, ол әлі де қыз қуу ойынына қатысады екен. Ал күйеуі жұбайының мұндай өнеріне құрметпен қарап, еш кедергі болмайтын көрінеді. Керісінше, ол атын дайындап, әйеліне көмек көрсетеді екен.

Бүгінде үш баланың анасы ауылда өтетін кішігірім көкпарларда ел көзіне түсіп жүр.

"Ондай көкпарға күйеуім де қатысады. Екеуміз бір команда сапында ойнап, талай серкені ауылға әкелдік қой", - дейді келіншек.

Мақала авторы: Айсұлтан Жақып

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1759592-kkpar-tartyp-at-klagynda-ojnajtyn-s-balany-anasy-turaly-ne-bilemiz.html