Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкем теріс айналды": Өзі үшін бала туып алған 42 жастағы әйел сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Қырықтан асқанда өзі үшін бала туып, бүгінде ата-анасы, туған-туысымен араласпай кеткен астаналық келіншек жан сырымен бөлісті. Айтуынша, жақындарынан алыстап кеткен ол бүгінде сәби сүйіп, бақытты ана атанып отырған көрінеді деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: Adfave
Фото: Adfave: UGC

Астаналық Айман (авт. аты-жөні өзгертілді) есімді келіншек 41 жасында дүниеге сәби әкелген. Қазақы отбасыда тәрбиеленген әйел жүктілігі жайлы ата-анасы мен жақындарына тіс жармағанын айтты.

Десе де, оның тұрмыс құрмай жүкті болғанын білген туған-туыстары бүгінде одан теріс айналған екен.

"Негізі Қызылорданың қызымын, ата-анам ауылда. Отбасында екі ағам мен сіңілім бар. Барлығының өз отбасы, өз тіршілігі бар. Арасында тұрмыс құрмаған тек мен ғана болдым.

Үйде аға жеңгеммен, ата-анаммен тұрғандықтан, жасым 35-тен асқаннан кейін өз күнімді өзім көрейін деп Астанаға кеттім. Колледжде негізі аспаз мамандығы бойынша білім алғанмын. Қолымнан торт, бәліш сияқты тәтті-дәмділер пісіру келеді.

Осылай, басқа қалаға келіп, аспаз болып жұмысқа тұрып, арасында осындай тәттілерге тапсырыс қабылдап күнімді көрдім.

Сүйтіп жүргенде қалай 40-қа келіп қалғанымызды да білмей қалдық. Шыны керек, шетте жүргендіктен жалғыздық жаныма қатты бататын.

Бірде жұмыстан қайтып келе жатқанда, бір ер адаммен таныстым. Ол кісі де әйелімен ажырасқан екен.

Таныстығымыз ұзағынан болып, көп ұзамай одан жүкті екенімді білдім. Ол кісі қазір басқа қалада, бірақ сол күйі бір отбасы ретінде тұра алмадық. Бірақ, оны ештеңеге де кінәламаймын. Сол кісіні кездестірген, одан мынадай тәтті бала сүйгізген тағдырыма ризамын.

Негізі, ұят та болса айтайын, бірақ ер адаммен көңілім жараспаса да, өзім үшін бала туып алғым келді. Мүмкін қазір бәрі даттайтын шығар, бірақ жалғыз жүргеннен гөрі, бала болғаны - әйел адамды әлдеқайда бақытты ете түседі", - дейді келіншек.

Жалғызбасты ананың айтуынша, қыздарының жүкті екенін білген ата-анасы одан теріс айналған көрінеді.

"Әкем өте қатал адам, Қызылорданы білесіздер, қазақы салтпен өмір сүретін жер. Сондықтан мен әу бастан-ақ осылай болатынын білгенмін.

Әрине, 5-6 айға дейін айта алмай жүрдім, кейін анама айтып, ол кісі әкеме айтқан болатын. Әкемнің қатты ашуланғаны соншалық, мені енді үйге аттап баспасын деген. Сөйтіп менен теріс айналды. Ел-жұртқа, туған-туыстың алдында қарабет болдық деген.

Ол кісілерді де түсінемін, бірақ әке-шешем мәңгілік емес қой? Түптің түбіне келгенде әркімнің өз тағдыры болады екен. Әрине, ата-анаммен, бауырларыммен араласпау жаныма қатты батады, әлі күнге дейін туған үйіме барғым келіп тұрады.

Анаммен, сіңліммен арасында сөйлесіп тұрамын. Бірақ елге қайта алмаймын. Есесіне, қазір ана бақытының не екенін түсіндім.

Сондықтан, мен сияқты шетте отырып қалған қыздарға айтарым, өздеріңіз үшін бала туып алудан қысылмаңыздар. Балаларыңыз сіздерді ешқашан да сатпайды және өмірлік тіректеріңізге айналады", - деп әңгімесін аяқтады келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1762703-kem-teris-ajnaldy-zi-sin-bala-tuyp-algan-42-zastagy-jel-syryn-aktardy/