Шымкентте бай-бағландар тұратын VIP қалашықтар туралы не білеміз?
Жарияланған күні:
Еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкент қаласы бұрыннан шырайлылығымен ел аузында. Елімізде алғашқылардың бірі болып осы қалада бай бағландардың шоғырланған, яғни үй тұрғызып, көрші болған аумақтары пайда бола бастаған. Бұл туралы байырғы шымкенттіктер ғана емес, бүгінгілер де жақсы біледі. 1997 жылы-ақ құрылған кіші Самал шағынауданы сөзімізге дәлел деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
25 гектар жерге салынған 150 ден аса тұрғын үйлер арасынан қала басшыларының, шенді мен шекпендінің ғана емес, кәсіптің көзін тауып, байлығы тасығандардың да баспанасын кезіктіруге болатын еді.
Бүгінде "малый Самал" атанып кеткен шағынаудан трендте болмаса да, баға жағынан тұғырынан тая қоймапты.
Десе де 2003 жылы Шымкентте бой көтерген "Тұлпар" элиталық қалашығы кіші Самалды басып озғаны анық. Арнайы күзетпен қорғалатын қалашыққа кім көрінген көшесінен де сығалай алмайды. Арнайы балалар алаңы мен спорттық ауласы өз алдына. Тұрғындарының айтуынша, VIP қалашықта алдағы уақытта сквер ашылмақ. Жасыл ағаш, ландшафты дизайнның көрнекілерін осы ауданнан табасыз.
2005 жылы салынған "Тұлпар" қалашығынан бұрынғы Шымкент қаласы әкімінің, шымқаладағы беделді қонақ үйлердің иелерінің, банк директорларының үйін таба аласыз.
"Тұлпардан" үй сатып алғыңыз келсе, 3-4 жыл бұрын 120 мыңдай АҚШ доллары қажет болса, бүгінде баға 200 мыңға жетіп жығылатын көрінеді. Қалталылар қоныстанған "Тұлпар" VIP қалашығының аумағы 52.79 гектарды құрайды.
Шымкенттегі бай-бағландар шоғырланған ең трендтегі жаңа аудан қайсы десе, бүгінде ойланбастан көпшілік "Тараз" шағынауданын айтады. Мұнда арнайы күзет қойылмаса да, есесіне бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбас cәулет өнерінің шедеврлерін көруіңіз ғажап емес.
Алыстан тамсандырып, мен мұндалап тұратын кейбір үйлердің маңдайына бас әріптер жазу мұнда сәнге айналғандай.
"Тараз" шағынауданындағы 10 соттық жер телімін иелері 100 мың АҚШ долларына бағалауда.
Негізінде бұл шағынауданға жер телімдері 2001 жылдан бастап беріле бастаған. Сәні мен салтанаты жарасқан шағынауданға қалалық мәслихат шешімімен 2010 жылдың 23 желтоқсанында "Тараз" деп ресми атау берген.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін үшінші мегаполис атанған Шымкенттегі кедей аудан туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1763002-symkentte-baj-baglandar-tratyn-vip-kalasyktar-turaly-ne-bilemiz/