Кәрі қыз атанған соң тұрмыс құрған қызылордалық әйел сырымен бөлісті
Жарияланған күні:
Бүгінгі қоғамда кез-келген бойжеткен болашақ жарын жолықтырып, тұрмыс құруды армандайды. Алайда тағдырдың жазуымен көптеген нәзік жандылар жалғыздың күйін кешуде. Сұлулардың бірі жұмысқа бет бұрып, карьера жасауды мақсат етіп кетсе, енді бірі өзіне лайық азаматты кездестіре алмай жүргенін айтып ақталады.
Көп жағдайда қыз балаларға берілген тәрбие де үлкен рөл атқарып жатады. Сонымен уақытында отбасын құрып, ана атану үшін не істеу керек? NUR.KZ редакциясына хабарласқан қызылордалық келіншек өзінің 10 кеңесімен бөлісті.
Ақнұр Толыбаеваның (есімі өзгертілген) бүгінде жасы 38-де. Қызылорда қаласының тұрғыны осыдан бір жыл бұрын тұрмысқа шыққан, бір ұлы бар.
Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған «экс-кәрі қыз» әлі күнге дейін ертерек отбасын құрмағанына өкінеді.
"Қарап отырсам, менің құрдастарымның балалары мектеп бітіріп жатыр. Мен болсам кішкентайымның тұсауын жақында кездестірдім. Енді, Алланың қалауы сол шығар деп ойлаймын.
Бірақ көптеген қателіктерді жасамағанымда бұл күнде бірнеше баланың анасы болып отырар едім.
Осы күніме де шүкіршілік етемін. Ең бастысы ана бақытын сезіндім. Өзім сияқты болашақ жарын іздестіріп жүрген сіңлілеріме айтар кеңестерім бар", - дейді ол.
Ақнұр жас кезінен өзі еңбектеніп, отбасын асырауды қолына алған. Інісінің оқуын да төлеп, ата-анасына жәрдем беріпті. Ал сол мойнына жүктелген жауапкершілік жан-жағына қарап, жігіттермен кездесуге мүмкіндік бермеген.
Ата-анасының қабағын аңдыған бойжеткеннің өзіне қарауға да мүмкіндігі болмапты.
Әрбір тірлікті бітіруді өзіне міндет етіп алған Ақнұрдың 10 кеңесін назарларыңызға ұсынамын.
- 1 кеңес: Менің ең бірінші айтар кеңесім – өзің үшін өмір сүру керек.
Өзіңнің қажеттілігіңді кейінге ысырма, шетелге қыдыруға мүмкіндігің болса – қыдыр. Ешқашан өзіңді құрбандық етпе. Сенің жасаған жақсылығың сенің ғана есіңде қалады. Әрине, қиналған адамға көмектесу – мұсалмандық міндетің. Бірақ, өз қызығушылығың бәрінен жоғары болуы тиіс.
- 2 кеңес: Қыз бала болған соң, үнемі әдемі болып жүр. Өзіңе қара, шашыңды сәндеуді ұмытпа.
Жігіттер ең бірінші кезекте әдемі дүниелерге қарайды. Әдемі киініп, бағалы дүниелерді алуға тырыс.
Ақшаң болмаса, адал жолмен еңбек ет, қаражат тап. Толық болсаң, арықта. Мүсінінде мің болмауы керек.
- 3 кеңес: Алдына келген әрбір жігітке елбеңдеудің қажеті жоқ. Өзіңді сабырлы ұста.
Жігітпен қарым – қатынаста аңқау қыздың рөлін ойнаған дұрыс. Қолыңнан ештеңе келмейтін, ештеңе білмейтін қыз бола сал. Өзіңді нәзік ұста. Бірақ, әрекетіңде жасандылық болмауы керек.
- 4 кеңес: Үнемі күйеуге тию, отбасын құруды ойлай берген дұрыс емес.
Кейбір қыздар қызық үшін салондарға барып, той көйлегін киіп көріп жатады. Бұл тіпті күлкілі. Өз басымнан өткен жағдай. Үйлену тойың туралы ойлай беруді доғар.
- 5 кеңес: Кафе-ресторандарды аралауды қойған дұрыс.
Түнгі клубқа барып алып, жан-жағындағы жігіттерге көз сүзген ұят. Мұндай әрекетіңнен жақсы ештеңе шықпайды.
Жігітті іздеме, жігіт сені іздеп келуі керек. Сен тек соған дайын бол. Болашақ жарың кезіккен кезде, жүрегің саған сездіреді. Өз адамыңды бірден танисың.
- 6 кеңес: Жігітіңе қанша ақша табатынынды айтудан, мақтанудан аулақ бол.
Көп жігіттер өзінен көп ақша табатын қыздардан қорқады (альфонстардан басқасы). Өзіңнің атқаратын жоғары қызметің туралы көп айта берудің де қажеті жоқ. Жігітіңе өзіңнен жоғары екенін сездірсең артық етпейді.
- 7 кеңес: Дүниеге, байлыққа қызығудың қажеті жоқ.
Көп қыздар бай жігіттерге қызығады. Алайда серілердің өзі емес, оның әкесі бай екені белгілі. Екеулеп жүріп, еңбек етіп зәулім үйге де, қымбат көлікке де қол жеткізуге болады.
- 8 кеңес: Ешқашан басы бос емес азаматқа қызықпа.
Өз әйелін сатқан адам күндердің күнінде сені де сатып кетеді. Оның үстіне жарымен ажырасып кетуі де екіталай. Бекер үміттеніп жүріп, қымбат уақытыңды жоғалтып аласың.
- 9 кеңес: Төсек қатынасында сақ бол.
Тойға дейін жыныстық қатынасқа түспеген абзал. Қазір бұл кеңес көп адамды күлдіру мүмкін. Бірақ болашақ жарың пәктігіңді жоғары бағалайтынын ұмытпа.
- 10 кеңес: Жиі ұрыса берсеңіздер, арақатынасты үзген дұрыс.
Жігітің бар делік. Бірақ арақатынасыңыз дұрыс емес пе? Онда бқлек кеткеніңіз абзал. Екі адамның арасында гармония болуы керек. Сол кезде тойдың ауылы да алыс болмайды.
37 жасында алғаш шымылдырық көрген Ақнұр осындай кеңес береді. «Кәрі қыз» атанып барып, тұрмыс құрған келіншектің ақылына құлақ асу немесе елемеу әркімнің өз еркінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1763178-kri-kyz-atangan-so-trmys-krgan-kyzylordalyk-jel-syrymen-blisti/