Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түбіме арақ жетті": Ақтөбелік хирург қалай бомжға айналғанын айтты

Жарияланған күні:

Бүгінгі қоғамда тұрақты баспанасы жоқ, көше кезген жандардың өмірі көпшілігімізді алаңдата қоймайтыны рас. Үстіне жұпыны киініп, жаяу жүргіншілерден ақша сұраған азаматтардың бұрынғы жағдайы тіпті қызықтырмайды. Алайда халық арасында "бомж" аталып кеткен адамдардың да өз айтары бар. NUR.KZ сайтының өңірдегі тілшісі Қызылордадағы бомжға айналған хирургпен тілдесті.

Фото:fr.freepik.com
Фото:fr.freepik.com: Instagram

Өзін Коля деп таныстырған азамат Қызылорда қаласы "Универсам" мөлтек ауданын мекен етеді. Ол мұнда Ақтөбеден келгенін айтады.

Күнделікті көше кезуді әдетке айналдырған азамат жүрек жалғар асын қоқыстан табады. Тіпті жүрегі жомарт жандардың садақасын ішімдікке жұмсап жіберетінін де жасырмады.

Осы күйге түскеніне тек өзін кінәлайтын Коляның бұрын сүйікті жары мен екі қызы болған. Ақтөбенің аудандық ауруханаларының бірінде хирург болып еңбек еткен.

"Қазір жасым 57-де. Бұрын хирург болып еңбек еттім. Науқастарға ота жасайтынмын. Көпшілік мені "алтын қолды дәрігер" деп атайтын. Бірнеше жыл абыройлы еңбек еттім. Бірақ менің түбіме арақ жетті.
Жұмыстан шыққаннан кейін бірден дүкенге жүгіретінмін. Ішімдік шаршағанымды басуға көмектесетіндей көрінетін. Қалай маскүнемге айналғанымды өзім де білмей қалдым", - деп әңгімесін бастады Коля.

Ер адамның айтуынша, ол бастапқыда тек жұмыстан кейін ғана ішетін болған. Отаның өзін масаң күйде жасаған кездері болыпты. Медициналық спиртті сумен араластырып ішетін жағдайға жеткенде әйелімен арақатынасы бұзыла бастаған.

"Бір күні жол апаты болып, түн ішінде ауруханамызға науқас әйелді әкелді. Мен кезекші дәрігер болатынмын. Қатты мас болмасам да, шамалы ішкенмін. Соған қарамастан әйелге ота жасадым. Қателік жіберіп алып, ана әйелдің денсаулығына залал келтірдім. Кейін науқастың туыстары мені сотқа беріп, жұмыстан босап қалдым", - дейді көше кезген азамат.

Осы жағдайдан кейін Коляның өмірі түбегейлі өзгерген. Таңнан кешке дейін ішімдік ішіп, әйелін ұрып- соғуға дейін барған. Бірнеше рет ішімдікті қоюға тырысқанымен, көп ұзамай әдетіне қайта оралыпты.

"Әйелім бірнеше рет қыздарымды алып кетіп қалды. Сол аралықта мен арақты қоятынмын. Бірақ ұзаққа төзімім жетпейтін. Ақша болмай қалған күні үй жақтағы дүкеннен қарызға алатынмын.
Қарызымды әйелім төлейтін. Кейін сатушы қарызға бермейтін болды. Сол уақытта үйдегі бағалы заттарды сатуды бастағаным есімде. Кейін әйеліммен ажырасып тындым. Пәтерді отбасыма қалдырып, өзім кетіп қалдым", - дейді Коля.

Коляның ата-анасы ертеректе қайтыс болып кеткен екен. Ішімдікке салынып кеткен азаматпен бауырлары араласпайды.

"Ақтөбеде көше кезіп жүргенімді қыздарым көріп қоя ма деп алаңдаймын. Олардың мен үшін ұялғанын қаламаймын. Үлкен қызым медицина саласында бірінші курс оқиды. Балаларымның еш кінәсі жоқ. Әкелерінің "бомж" болып кеткенін білмей-ақ қойғандары дұрыс.
Бұрынғы әйелімнен де қысыламын. Ол өте жақсы адам. Мен мінезсіз болғанымнан, отбасымнан айырылып қалдым. Қазірдің өзінде қайтадан аяққа тұруға шамам келмей жүргенін білемін", - дейді ол.

Қазір көше кезген азамат жертөлелерді паналап жүр. Қолына түскен тиын-тебенге күн көреді. Ауа райы қатты суығанда қаңғыбас адамдарға арналған бейімдеу орталығын паналайды.

Көктемде қайтадан қалыпты өміріне оралады. Осылайша күн кешіп жатқан Коля күндердің күнінде отбасына оралуды армандайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1766777-tbime-arak-zetti-aktbelik-hirurg-kalaj-bomzga-ajnalganyn-ajtty/