RU

Үндістандық азамат Алматы әуежайынан қонақүйге жету үшін 50 мың теңге төлеген

Оңтүстік астанаға келген Үндістан азаматынан такси жүргізушісі 25 мың теңге алса, полиция қызметкерлері тағылмаған қауіпсіздік белдігі үшін 100 доллар айыппұл салған. Бұл туралы NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

iphones.ru
Көрнекі фото:iphones.ru: Facebook

Бұл хикаяны Үндістандық серіктесін қабылдаған Сана Жандаева баяндаған.

"Отандастарым үшін қатты ұялдым! 12-ші желтоқсан күні компаниямызға Үндістаннан серіктесіміз келген. Қарсы алушы адам екеуі кездесе алмай, серіктесіміз такси алып қонақүйге баруға бел буған", - деді Сана.

Қонақүй Назарбаев-Сатпаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Такси жүргізушісі әйел адам болған. Ол шетелдік азаматты 1000 теңгеге жеткізуге келіскен.

Үндістан азаматы орыс тілін жақсы меңгерген. Кеңес үкіметі кезінде ол Мәскеуде оқыған екен.

Жолда такси көлігін МАИ қызметкерлері тоқтатып, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін Үндістан азаматына айыппұл салған.

"Полиция қызметкерлері ер адамнан 700 доллар талап еткен, ал шындығында бұл ережені бұзған үшін 12 мың 25 теңге айыппұл белгіленген", - деп шырылдады Сана Жандалиева.

Такси көлігін жүргізген әйел мәселені шешіп беремін деп Үндістан азаматынан 100 доллар алған. Ал қонақүйге жеткізген кезде жолаушыдан 25 мың теңге талап еткен. Мұндай қомақты соманы такси жүргізушісі әр шақырым үшін мың теңге төлеу керек деп түсіндірген.

"Қонағымыз таңғалса да, ақшаны төлеген", - деді Сана.

Абырой болғанда такси жүргізген әйел адам өзінің телефон нөмірін жазып беріпті, соның арқасында қонақүй қызметкерлері онымен хабарласып, Үндістан азаматына 10 мың теңгесін қайтарып берген.

Осылайша әуежайдан қонақүйге жетуі 50 мың теңгені құраған.

"Ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. Отандастарым үшін мың мәрте кешірім сұрауға тура келді. Қаншалықты ыңғайсыз жағдайда қалғанымды сөзбей айтып жеткізе алмаймын", - деді Сана Жандалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1769365-ndistandyk-azamat-almaty-uezajynan-konakjge-zetu-sin-50-my-tege-tlegen.html