Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жан алғыш періштені көрген ақтөбелік жігіт адам сенгісіз оқиғасын баяндады

Жарияланған күні:

Ақтөбелік намазхан жігіт басынан өткен адам сенгісіз оқиғаны баяндады. Бес баланың әкесі ірі жол апатынан аман қалған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: zimamagazine.com
Көрнекі фото: zimamagazine.com: Depositphotos

Ажалдан ғажайыптың күшімен аман қалған тұрғынның сөзінше, оқиға болған күні жолдас жігітінің "джип" маркалы көлігін мініп, Ембіден қалаға қарай жолға шыққан.

"Жол көк тайғақ. Оның үстіне бұршақ араласқан қар жауып тұрды. Кеш қарайған шақ алдын әрең көрінеді. Жол бойында балалы әйел қолын көтеріп тұр екен. Көлік біреудің аманаты болғандықтан оларды ала алмадым. Ұзамай алдымда қол көтеріп тұрған тағы екі жолаушыны көрдім. Қарт кісілер екен. Көлік біреудікі, оның аманатын ойлап, оларды да мінгізе алмадым.
Жылдамдықты асырмай келе жаттым. Қалаға жетпей, жол бойында көлігім шыр айналды. Қас қағым сәтте көлігімнің неше рет айналғанын білмеймін. Белдікті тақпай отырған едім. Денемнің сол кезде темірге соғылмаған жері қалмады", - деген намазхан жігіт жан алғыш періштені қалай көргенін айтты.

"Сенесіз бе, сол кезде жан алғыш періштені көрдім. Ол сондай үлкен болды. Оның қасында көлік кішкентай қорап секілді болып қалды. Дәл қасымнан дем алғанын сезіп тұрдым. Алғашында тілім кәлимаға келмей жатты. Сүрелерді оқып, тілімді кәлимаға келтірдім. Бір сәтке кеудемнен жаным шығып кеткендей. Сол кездегі жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Көліктің ішінде жатқан денемді көріп тұрдым. Тозақты ойлап қорқып жатырмын. Айтса ертек секілді аспанның ашылғанын көрдім. Артынан жарық күн шығып тұр. Жаналғыш "жүр" деп жатқан секілді. Мен дүниені, отбасымды ойлап жатырмын. Сол кезде қасыма жақындаған адамдардың аяғының дыбысы естілді.

"Өліп қалған шығар", "жақындама" деп айтып жатыр. Бірақ, маған сол адамдар көмектесті. Түгі қалмай майысқан көліктен шығарып алды. Сол кезде есімді жидым. Алдым жарқырап тұрды", - дейді отағасы.

Жол апатының болғанына бір айға жуық уақыт өтсе де бес баланың әкесі сол оқиғаны әлі ұмыта алмай жүргенін айтады.

"Дүние "Қас қағым сәт" деген рас екен. Үш минуттың ішінде бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Тәубеге түсіруші Алланың құдіреті шексіз. Мен артық ештеңе айта алмаймын. Жолда кездескен адамдарды мінгізгенімде олар аман қалмас еді. Сол оқиғаны әлі ұмыта алар емеспін", - дейді намазхан ер адам.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1769377-zan-algys-peristeni-krgen-aktbelik-zigit-adam-sengisiz-okigasyn-baandady/