Қызылордалық шенеуніктер Жаңа жылды тойлаудан бас тартты
Жарияланған күні:
Биыл қызылордалық мемқызметкерлер ұжымдық кештерді мейрамхана мен кафеде өткізуді шектеуге ұсыныс жасалды. Асып-тасып дастархан жаюдың орнына шенеуніктер күнкөрісі төмен отбасылар мен мүмкіндіктері шектеулі балаларға көмектесуді жөн санаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Қызылорда қаласында биыл Жаңа жыл дүркіретіп тойланбайды. Мемлекеттік қызметкерлер банкеттің орнына мұқтаж адамдарға тосын сый жасауға бел буған.
"Аймақтағы барлық мемлекеттік мекемелерге Жаңа жылды дүркіретіп тойлаудан бас тартуға ұсыныс жасалды. Біздің ұсынысымызды бәрі қолдады. Бірақ бұл ұжымдық кештер ұйымдастыруға болмайды деген сөз емес.
Кейбір органдар қайырымдылық шарасына да қатысып, ұжымдық кеш ұйымдастыруды да қалайды. Біз осы мейрамнан ғажайыптың орын алуын күтіп отырған күнкөрісі төмен отбасының балаларына қуаныш сыйлағымыз келеді", - деді мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз өкілдері.
Бүгінгі таңда осы ұсынысты аудан әкімдіктері, облыстық статистика, ішкі аудит, мемлекеттік кіріс департаменттері, қаржы департаменттері қолдады.
Сонымен қатар Жаңа жыл қарсаңында мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беру және алу фактілерін болдырмау мақсатында рейдттер жүргізіледі.
Осы мақсатта мемлекеттік емес мекемелер өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысуымен арнайы топ құрылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1770637-kyzylordalyk-seneunikter-zaa-zyldy-tojlaudan-bas-tartty/