Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Денис Теннің жараланғанын көрген куәгер сотта оқиғаның қалай өрбігенін баяндады

Опубликовано:

Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында оқиға куәгері жауап берді. Ербол Қадыров сол күні өз көзімен көрген мән-жайды cот алдында баяндады. Куәгер көлік терезесінен үш жігіттің алысып жатқанын байқап қалғанымен, оларды шын мәнінде төбелесіп жатыр деп ойламаған. Бұл туралы сот залынан NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Фото спортшының желідегі парақшасынан алынды
Фото спортшының желідегі парақшасынан алынды: Twitter

Ербол Қадыров Денис Теннің өліміне әкеп соқтырған оқиғаның қалай өрбігенін айтты. Оның мәлімдеуінше, ер адам Денис Тенге алғашқы көмекті өзі көрсеткен. Ол тағы бір куәгер қызбен бірге марқұм болған спортшының футболкасын шешіп, онымен Денистің аяғын байлаған.

"Жеке тасымалдаумен айналысып жүргеннен кейін, бір ақсақалды тасып жүргенмін. Сол кісіні Байсейітова көшесіндегі шаштаразға апардым. Қарияны күтіп отырғанда, ішім пысқан соң фильм қарадым. Сосын көлік терезесінен үш баланың алысып жатқанын көрдім. Бірақ мен олар ойнап жүр деп ойладым.
Бірақ полиция қызметкері жүгіріп бара жатқанын көріп қалып, шынайы төбелес екеніне көзім жетті. Мен де автоматты түрде көліктен жүгіріп шықтым. Шыны керек, Денис Тен екенін де білмедім. Ол жарақаты ауыр болған соң екі бетімен жатып қалды. Аяғынан қан кеткенін көре сала бірден жедел жәрдемді шақырдым.
Денистің қасына жүгіріп келген қазақ қыз оның футболкасын жыртсын деді. Мен оны жыртып, бойжеткенге бердім. Ол өз кезегінде, футболкамен оның аяғын байлады. Қанды тоқтатпақ болдық, бірақ қан тоқтамай қойды. Алғашқы көмекті екеуміз көрсеттік.
"Шыдашы бауырым" деп басынан ұстап отырдым. Ерні көгеріп бара жатқанын көріп, шошып кеттім. Ол ес-түзсіз болды.
Спорт алаңында орыс жігіт болды. Ұзын бойлы, тақырбас келген. Мен оған бар орысшаммен "көмектесші, жедел жәрдем шақыршы" деп өтіндім. Ол болса, Байсейітова көшесімен келе жатқан екі қариядан барып көмектесуін сұрап, оқиға орнынан жоқ болып кетті" , - деді Қадыров.

Еске сала кетейік, Алматыда көлік ұрыларының қолынан қаза тапқан Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда.

Бүгін Денис Теннің досы әрі "Burritogo" мейрамханасының басшысы Қайрат Кәкімжанов сот алдында жауап берді.

Сондай-ақ бүгінгі сот отырысында жәбірленуші жақтың адвокаты Нұрлан Өстеміров күдікті Арман Құдайбергеновті босатып жіберген астаналық полицейлерді жауапкершілікке тартуға шағым түсірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1772093-denis-tenni-zaralanganyn-krgen-kuger-sotta-okigany-kalaj-rbigenin-baandady/

pixel