Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейлік жетім жігіт нағашы апасының жеті жыл құлдықта ұстағанын айтты

Опубликовано:

Ата-анасынан 15 жасында айырылған Есенбек Рахметов жеті жыл бойы нағашы апасының қолында құлдықта болғанын айтты. Өз туысынан зәбір көрген семейлік жігіт малдың соңына салынып, өзгелерге жалшылыққа да жіберілген деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Көрнекі фото: vkfaces.com
Көрнекі фото: vkfaces.com: Depositphotos

Бала кезінде "ақыл-есі дұрыс емес" деп танылған жарымжан жігіт бүгінде әпкесінің үйін паналап отыр.

Жігіттің айтуынша, әке-шешесі көз жұмған соң нағашы әжесі оны өз қамқорлығына алған. Алайда, алғашында жамандық көрсетпейтінін айтып, уәде төккен туысы немересін "аурулар" қатарына қостырып, анықтама жасатқан екен. Содан бері есі дұрыс еместердің қатарында болған Есенбек қыстақта мал бағып, малайдың күнін кешіпті.

“Қашқанда, Ежік апам өзі демалысқа жібермеді. Мамырдан бастап өзім талай хабарластым. Бірақ жібермеді. 4-5 ай өтті, үндеген жоқпын. Сосын кетуге тура келді. Демалысқа жібермесе, кім шыдайды оған 1 жыл?” , – дейді құлдықта болған жігіт Есенбек Рахметов.

Есенбектің сөзінше мал бағумен бар уақыты өтсе де, оған берілетін ақшаны нағашы апасы алып жүрген. Тіпті, ол үстіне киер жөні түзу киімі жоқ екенін айтады. Былтыр екі ірі қараны ұрлатып, қожалыққа 280 мың теңге қарыз болып қалғанда туысы жігіттің өзін саудалап жіберген екен. Ал бұл жаламен нағашы апасы мүлде келіспей отыр.

"Өзімнің туыстық парызымды өтеп отырмын. Басқа ешқандай. Мен олардан бірдеңе ала қояйын деп отырған жоқпын. Қайта бұларды өмірге талпындырып, көзін ашып отырмын. Әке-шешесі бар кезде де оқымаған. 280 мың деген ештеңесін де білмеймін. Керісінше мен оларды киіндірдім, жегіздім. Басқа ешқандай 280 мың не ақша аламын, алғам жоқ" , - дейді Есенбектің нағашы апасы Елшарбан Ахметова.

Ал Есенбектің туған әпкесі інісіне мүгедектігі үшін төленетін мемлекеттік көмекті әлі нағашы апасы иемденіп отырғанын айтады. Есенбек үйіне қанша барғанмен, төлқұжатын қайтармай әуре-сарсаңға түсіріп жүр екен. Ал полиция болса әлі үнсіз.

“Ол тек ақша үшін ұстады. Бұған көмек үй беріледі, ақша беріледі. Соның бәрін өзі алғысы келді. Бұл баланы қараған жоқ. Бәрібір қыстаққа жіберіп, жалақыны өзі алып отырды. Біз тамыз айында маған қашып келген бірден зейнетақысын алып, бұғаттап тастадық. Ол кісінің қолында төлқұжат болды. Бұғатты ашып алып, төрт айдың ақшасын алды” , – дейді Есенбектің әпкесі Шолпан Құсайынова.

Есенбектің туған әпкесі дені сау бауырын "ауру" деп, жұмысқа жеккені үшін туысқаны Елшарбан Ахметоваға өкпелі. Ол інісін қара жұмысқа салғаны былай тұрсын, аш-жалаңаш қалдырып, тапқан ақшасын қалтасына басып отырғанына налиды.

“Аталған тұлға бойынша келетін болсақ, енді ол заңмен белгіленеді. Содан кейін арнайы комиссия қарайды. Әрине егер тағы басқа туыстары табылып, сол өзіне өтініш жасап осыған бір ықылас білдіріп жатса ол заңмен қаралып, тиісті жаңағы құзырлы органдармен келісе отырып, мәселе шешіледі” , – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Азамат Құрманғалиев.

Жауапты орган өкілдері бұл мәселенің ұзаққа созылмай шешілетініне сенімді. Ал жасы енді 22-ге келген жас жігіт білім алып, шаңырақ құруды армандайды.

Дереккөз: Еуразия бірінші арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773227-semejlik-zetim-zigit-nagasy-apasyny-zeti-zyl-kldykta-staganyn-ajtty/

pixel