Ақтөбеде жұбайы мен күйеу баласы тастап кеткен көпбалалы әйел лашықта күн кешуде (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеде қабырғалары жарылып, төбесі құлағалы тұрған сарайда көпбалалы жалғызбасты ана тұрып жатыр. 43 жастағы Ақбөпе Абилекованың қолында бес баласы мен үш жиен немересі бар. Ішімдікке салынған жолдасынан қашып жүрген әйелдің күйеу баласы да қызын тастап кеткен деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Отбасы шиеттей бала-шағамен баспана деуге жарамайтын сарайды жалдап отыр. Сегіз баламен еш жер пәтеріне кіргізбейді екен.
"2014 жылдан бері жолдасыммен бірге тұрмаймын. Күйеуім қатты ішімдікке салынып, ажырасып кеттік. Осы уақытқа дейін өзім жұмыс жасадым.
Қазір үлкен қызым жұмысқа шығып, мен балалармен отырмын. Екінші қызым студент, оның 16 мың теңге стипендиясы да тамаққа жұмсалады.
Үлкен қызымның үш баласы бар. Жолдасы жұмыс істемеді. Енесі «арамтамақсыңдар» деп отырғызбады.
Кейін күйеу балам менің қолыма келіп тұрды. Қызым үшінші баласына аяғы ауыр кезде күйеу балам «үйіме барып тұрамын» деп кетіп қалған еді.
Сол кеткеннен келген жоқ. Күйеу балам ұлын келіп көрген де жоқ. Үш баласына алимент те төлемейді", - дейді Ақбөпе Абилекова.
Отбасы паналап отырған құлағалы тұрған баспананың іші салқын. Жүгіріп жүрген балалар тоңбай ойнасын деп газ плитасын жағып қойған.
Отбасы айына бұл пәтерге 35 мың теңге төлейді екен.
"Жалға беретін пәтерге кезекке тұра алмай отырмыз. Бұрын атымда 23 шаршы метр бір бөлмелі пәтер болды. Оны кезінде қызымның атына бердім. Онымен олар үйді 2015 жылы сатып жіберді.
Енді бес жыл өтпей біз пәтер ала алмайды екенбіз. Ал балаларымның әкесі әлі де ішіп жүр. Ол кісінің өз үйі бар.
«Алиментке берме, үйімді бөліске салмаймын, арыз жазсаң өлтіремін» деп мені пышақпен қорқытты. Бірнеше рет полиция шақырдым. Әлі күнге дейін қорқытып хабарласады.
Сол кездерде бұрынғы күйеулері әйелдерін пышақтап, өлтіріп кеткен бірнеше оқиғалар болды. "Үйі құрсын, балаларымды өзім аяқтандырармын" деп үйді бөлісуге де, алимент алуға да арыз жазбадық",- дейді көпбалалы ана.
Көмекке мұқтаж отбасыға теміржолшы жастар азық-түік пен оқу құралдарын апарып берді.
Көпбалалы анаға көмектесемін деушілер Ақбөпе Абилекованы төмендегі нөмірен хабарласа алады: 8705 838 06 01
- Карта нөмері қызының атында : 5169 4931 1995 8299 Каспий банк
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1778808-aktbede-zbajy-men-kjeu-balasy-tastap-ketken-kpbalaly-jel-lasykta-kn-kesude-foto/