Ақтөбенің 24 жастағы тұрғыны Сәуле Болатбаеваға аралас жекпе-жек бойынша әлем чемпионы, ресейлік спортшы Хабиб Нурмагамедов "Toyota Camry" көлігін сыйға тартты. Бойжеткен олжасына қалай қол жеткізгенін айтып берді деп жазады "Замана" басылымы.
Жаңа жыл қарсаңында танымал спортшы Хабиб өзінің Іnstagram парақшасында "гив-байқау" ұйымдастырып, талапты 100 % пайыз орындаған оқырмандарына бағалы жүлде қорын өз қолымен ұсынатынын жазған.
Миллиондаған адамдар бағын сынап, спортшы қойған талаптарды орындауға кіріседі. Ұтысқа Хабибтің қолтаңбасы қойылған бес кітап, "іPhone" және "Samsung Galaxy" ұялы телефондары, 10 мың рубль, арнайы лагерьде жаттығу жолдамасы мен тағы басқа сыйлықтар тігілді. Ең басты ұтыс - "Toyota Camry" көлігі болды.
Ал Сәуле "Хабиб пен Макгрегордың" жекпе-жегін көргеннен кейін Нурмагамедовтің парақшасына жаңадан тіркеліпті.
"Ақтөбеде мектеп бітіріп, қазір сауда-саттықпен айналысамын. Ата-анам, бауырларыммен тұрамын. Уақытымның көп бөлігі жұмысқа кететіндіктен әлеуметтік желілерде онша белсенді де емеспін. Танымал спортшыға достықты Конор Макгрегорды жеңгеннен кейінгі сайысты көрген соң ұсындым.
Содан бері ол кісінің парақшасын бір рет те қарамаппын. Тек Хабиб мырзаның ұтыс ойнататын күні Instagram парақшама кіріп қалып, байқауға қатысқым келді. Сөйтіп барлық талаптарды орындап шықтым. Ойын 29-желтоқсан күні сағат 20.00-де тоқтатылып, 30-ы күні Хабиб жеңімпаздарды анықтап, есімдерін атайтын болған.
Ал 30 желтоқсан күні кешкі 22.00-ден аса құрбымның ағасы телефон соғып, сүйінші сұрады. Ол уақытта біз құрбым екеуміз жаңа жылға дайындық жасап, сауда орындарын аралап жүргенбіз. Ағасы мән-жайды түсіндіріп, менің қатысқанымды және көлік ұтып алғанымды қуана жеткізіп жатты. Мен онша сеніңкіремей, желіге кірдім", - дейді Сәуле.
Айта кетейік, Сәуленің осы жеңісінен соң желідегі 500 досының саны аз уақытта 5000-ға жеткен.
"Хабибтің ойын парақшасындағы тікелей эфирі аяқталып қойған екен. Бірақ байқау оның storіes-інде сақталған болатын. Сөйтіп видеоны қарадым. Расында менің аккаунтым бас жүлде Toyota Camry" көлігін ұтыпты. Сондағы әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл жаңалықты таныс-туыстар мен достар сол сәтте-ақ біліп, құттықтап жатты. Жүлделі болғанға дейін менің парақшамда 500 ғана дос болса, санаулы күндердің ішінде ол 5000-ға бір-ақ жетті", - деп ағынан жарылды бойжеткен.
Жеңімпаз жаңа жылға дейін анықталғанымен, спортшы сыйлықты иесі табыстауға асықпаған. Арада бір айдан аса уақыт өткенде ғана Сәуле Мәскеуге барып, көлікті алып қайтқан.
"17 ақпанда ойынды жүргізген ұйымдастырушылар бізді көлікті алып кетуге шақырды. Әкем, әкемнің жолдасы және менің досым біздер төрт адам болып Мәскеуге ұштық. Спортшы бізді жеке қабылдап, көліктің кілтін табыс етті. Сосын елге қайттық", - деп өз сөзін аяқтады ақтөбелік ару.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/1780643-habibti-kolynan-toyota-ny-kiltin-algan-aktbelik-aru-bar-kpiany-betin-asty/