Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте мұғалімнің айқайынан соң 6-шы сынып оқушысын жедел жәрдем алып кетті

Жарияланған күні:

Шымкенттің білім саласында тағы шу шықты. Бұл жолы мектеп мұғалімінің айқайынан оқушы зардап шегіп отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото:businessman.ru
Фото:businessman.ru: Instagram

Пушкин атындағы №1 білім ұясының 6-шы сынып оқушысы дауыс көтерген қазақ тілі пәні мұғалімнің сөзінен соң жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілді. Баланың анасының әлеуметтік желіге жазған ақпаратынша, оқиға сабақ уақытында болған.

"Мектеп директорының орынбасары әрі оқытушы дауыс көтеріп, 6-шы сынып оқушысын жүрек ұстамасына дейін жеткізді. Ол ауруханаға жатқызылды. Ал мұғалім тіпті кешірім де сұраған жоқ", - деп жазды баланың анасы.

Жағдайы нашарлаған балаға жедел жәрдем қызметін ата-анасы шақыртқан.

Айтпақшы, бұл жағдайдан соң сынып оқушылары арасында анонимді сауалнама жүргізіліп, ұстаздың расымен де дауыс көтеріп сөйлейтіні белгілі болған.

Мектеп директоры Әбілдаева Сәуле мұғалім бар болғаны баладан үй тапсырмасын талап еткен деп отыр. 

"Мұғалім балаға ешқандай дауыс көтермегенін айтты. Бар сұрағаны - үй тапсырмасы. Қазақ тілі пәнінен соң бала тағы екі сабаққа қатысқан. Кейін өзін нашар сезініп, медпунктке барған. Анасына хабарласып қойғанын айтты. Одан соң асханада отырған. Анасы білім бөліміне "жүрегі тоқтап қалған" деп шағым айтып, жедел жәрдем, полицейлер келді. Баланы ауруханаға алып кетті. Қазір өзін жақсы сезініп отыр", - деді директор.

Мектеп басшысының айтуынша, оқушының анасы мұғалімнің жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Бірақ, директор оған негіз жоқ дегенді алға тартып, оқытушыны жақтап шықты. 20 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім - білікті маман. Бұған дейін оның үстінен ешбір шағым түспеген екен.

"Мұғалім түсініктеме жазды. "Неге үй тапсырмасын орындамадың?" деп айтқанын көрсетті. Шыққан шудан соң оған қатаң сөгіс берілді. Енді оқытушы ол сыныпқа сабақ бермейді. Мұғалім баладан үй тапсырмасын сұрауға құқылы. Біз де өз құқымызды қорғауға құқылымыз", - деді директор.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағыларың айтуынша, 6 сынып оқушысына "Вегетативті жүйке жүйесінің бұзылуы" диагнозы қойылған. Жедел жәрдеммен ауруханаға келіп түскен балаға алғашқы көмек көрсетілген соң, үйіне жіберіліпті.

Еске салсақ, жуырда ғана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары парамен ұсталған болатын.

Ал былтыр Шымкенттегі мектептердің бірінде мұғалім білім ұясының ғимаратында өз-өзіне қол салды. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1781569-symkentte-mgalimni-ajkajynan-so-6-sy-synyp-okusysyn-zedel-zrdem-alyp-ketti/