Еңбек министрі 4 баласы бар отбасының шілдеден бастап қанша алатынын есептеп берді
Жарияланған күні:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін есептеп берді. Министр төрт баласы бар аналардың 114 мың 449 теңгеге дейін көмек алуы мүмкін екенін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бердібек Сапарбаев 1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмекті есептеу кезінде ең төменгі күнкөріс деңгейі көбейтінін атап өтті.
"Осы уақытқа дейін оның көлемі 50% пайызға дейін, яғни 14 849 теңге болып есептелсе, енді 20 789 теңгеге дейін көбейеді. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны қазіргі 570 мың адамнан 830 мың адамға дейін артады", - деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда министр төрт баласы бар ананың қанша алатынын есептеп берген.
"Қазір ол кісі 63 740 теңге алса, жоғарылау нәтижесінде 103 945 теңге алады. Егер ол адамның табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, тағы да қосымша жәрдемақы төленеді. Сонда бұл кісілердің табысы 114 449 теңге болады", - деді министр.
Сонымен қатар, ведомство басшысы отбасының кірісін есептеген кезде "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне берілетін жәрдемақы, мүгедек балаларға алатын жәрдемақы, шәкіртақы есепке алынбайтынын жеткізді. Бірақ ата-енесімен бірге тұратын отбасының кірісін есептеген кезде, олардың зейнетақысы ескеріледі.
"Атаулы әлеуметтік көмекті төлеген кезде, қазіргі таңда бір балаға 4 834 теңге болса, енді ай сайын әрбір балаға 20 789 теңге төленеді. Балалар оқитын болса оқу бітіргенге дейін, яғни 23 жасқа дейін жәрдемақы беріледі", - деді Сапарбаев өз сөзінде.
Сондай-ақ, министр мемлекеттен көмек алу үшін құжат рәсімдеу кезінде ары-бері жүгіре бермес үшін, "Электронды халық" ақпараттық жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші шілдеден бастап еліміздегі көпбалалы отбасылар жеке куәліктерін көрсетіп әлеуметтік көмек алатын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1782085-ebek-ministri-4-balasy-bar-otbasyny-sildeden-bastap-kansa-alatynyn-eseptep-berdi/