Қарағандылық әйел өзін қызғаныштан ұрып-соққан күйеуін пышақтап тастады
Жарияланған күні:
28 жастағы Қарағанды тұрғыны ата-анасының көзінше өзін аяусыз соққыға жыққан күйеуін пышақтап тастады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жұбайлардың арасында қызғаныштан туындаған жанжал өткен жылы желтоқсан айында орын алған.
Ішімдікке сылқия тойған азамат жұбайына сенбейтінін айтып, ашу үстінде оны аясуыз соққыға жыққан. Тоқтаусыз жұдырық жұмсаған ер адам әйелінің бетін шкафқа да ұрған екен.
Жанжал уақытында үйде келіншектің әке-шешесі болған. Ол күйеуіне үйден кететінін айтып, анасынан балаларының киімін жинауды сұраған екен. Ал әкесін азық-түлік алу үшін дүкенге жіберіпті.
Алайда жұбайлардың арасындағы дау тоқтай қоймапты. Ақырында жанжал арасына әйелдің анасы түсіп, ерлі-зайыптыларды ажыратпақ болады.
Осы мезетте оның қызы асханаға барып, пышақ алып келеді. Осылайша, ол көзді ашып-жұмғанша күйеуінің кеудесіне пышақ сұғып алған.
Жұбайы жарақат алған соң есін жиған келіншек бірден жедел жәрдем шақырған. Нәтижесінде, зардап шеккен азаматты ауруханаға, ал келіншекті қамауға алып кеткен.
Полиция қызметкерлері әйелдің әрекеттерін ҚР ҚК 112-бабы "Қажетті қорғаныс шегінен асқан кезде денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бойынша саралаған.
Жауап алу кезінде келіншек полиция қызметкерлеріне күйеуі қызғаныш салдарынан оны ұрып-соққанын, ал өзі қорғануға тырысып, пышақпен ұрғанын айтқан.
Сотта жәбірленуші жұбайын кешіріп, ерлі-зайыптылар табысты. Сотталушы тіпті күйеуінен сот залында кешірім сұрады. Октябрь ауылының №3 аудандық соты қылмыстық қудалауды тоқтатып, келіншекті сот залынан босатты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1786934-karagandylyk-jel-zin-kyzganystan-ryp-sokkan-kjeuin-pysaktap-tastady/